«Бұл – жаңа қоғамдық келісім»: «Ауыл» партиясы Конституция туралы үндеу жасады

Бүгін, 11:53 / taulik

16 наурызда «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің Президиумы жаңа Конституция бойынша өткен жалпыхалықтық референдум нәтижелерін қолдайтынын мәлімдеді.

Партия өкілдері 15 наурызда өткен референдумның ашық әрі әділ өткенін атап өтіп, оның халықаралық демократиялық стандарттар мен ұлттық заңнама талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылғанын жеткізді.

Мәлімдемеде бұл референдум ел дамуы жолындағы маңызды тарихи кезең екені айтылып, оның қоғамдағы демократиялық құндылықтарды нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғаны ерекше көрсетілген.

Партия төрағасы Серік Егізбаев өз сөзінде бұл шешімнің маңызын атап өтіп, референдум нәтижесін халықтың өз болашағына деген жауапкершілігі мен саяси кемелдігінің көрінісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бағытына деген халықтың нақты сенімі.

Сондай-ақ ол жаңа Конституцияны тек саяси құжат емес, жаңа қоғамдық келісім деп атап, партияның жаңарған саяси жүйеде ел мүддесіне қызмет етуге дайын екенін айтты. Әсіресе ауыл тұрғындары мен қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

«Ауыл» партиясы қабылданған Ата Заңды «Нағыз халықтық Конституция» деп бағалап, оның партиялар мен саяси ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

Мәлімдемеде референдум қорытындысы Президент бастамаларына халық тарапынан көрсетілген қолдау мен сенімнің айқын дәлелі екені айтылды. Партия өкілдері жаңа саяси жағдайда мемлекет пен қоғам мүддесіне адал қызмет етіп, реформалардың тиімді жүзеге асуына үлес қосуға дайын екенін білдірді.

Саяси кеңес Президиумы халық таңдаған жаңа Конституция елдің бүгіні мен болашағына қызмет ететініне сенім білдірді.