«Бұл – тарихи кезең»: «Байтақ» партиясы референдумға қатысты үн қатты

Бүгін, 16:38 / taulik

Астана қаласында 2026 жылғы 16 наурыз күні «Байтақ» жасылдар партиясының Саяси кеңесінің отырысы өтті. Бұл жиын жаңа Конституция бойынша өткен жалпыхалықтық референдумнан кейін ұйымдастырылған алғашқы маңызды басқосу болды.

Отырысқа партияның Саяси кеңесінің 19 мүшесі, өңірлік филиалдардың 20 жетекшісі және 26 мәслихат депутаты қатысты. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінен аудандық филиал басшылары онлайн форматта бақылаушы ретінде қосылды.

Жиынды партия төрағасы Азаматхан Әміртаев ашып, референдум нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, «Байтақ» партиясы елордалық бөлімшелерден бастап ең шалғай өңірлерге дейін жаңа Конституцияны толық қолдап дауыс берген. Бұл – партия мүшелерінің ортақ ұстанымы мен ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі.

Партия экология мәселесін басты бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Осыған байланысты жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғаудың конституциялық деңгейде бекітілуі «Байтақ» үшін маңызды әрі саналы шешім болғаны атап өтілді.

Жиын барысында референдумға дайындық кезеңінде атқарылған жұмыстар да қорытындыланды. Партия өкілдерінің мәліметінше, ел көлемінде 500-ден астам кездесу, пікірталас және ақпараттық іс-шара ұйымдастырылған. Өңірлік филиал басшылары партия мүшелерінің дауыс беру процесіне белсенді қатысқанын атап өтті.

Отырыс барысында қатысушылар бір-бірін және барша қазақстандықтарды жаңа Конституция күнімен құттықтады.

Талқылау қорытындысында партия алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтарын айқындады. Атап айтқанда, жаңа Конституцияда бекітілген экологиялық нормаларды нақтылайтын заң жобаларын әзірлеу және қоғамдық бақылауды күшейту басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев жаңа мемлекеттік мерекенің маңызын да атап өтті. Енді 15 наурыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні ретінде аталып өтеді.

«Бұл – символдық мәні терең шешім. Жаңа Конституция халықтың тікелей қатысуымен қабылданды. Сондықтан бұл күн – бүкіл ел болып қалыптастырған ортақ мереке», – деді ол.

Сөз соңында партия басшысы жаңа кезеңнің жауапкершілігіне тоқталып, Конституция ел дамуының берік құқықтық негізі екенін айтты. Оның пікірінше, ендігі міндет – осы негізді нақты заңдармен толықтырып, оны тиімді іске асыратын жүйе қалыптастыру.