Онлайн сауданың дамуы елімізге экологиялық залал келтіруде - депутат

Бүгін, 16:37 / taulik

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.А.Бектеновке

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Олжас Абайұлы!

Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар аясында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілуде. Жаңа Конституцияда қоғамның басты сұраныстарының бірі - адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды іргелі қағидат ретінде орнықтыру. Аталған ұстаным экологиялық қауіпсіздікті мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындап, табиғатты қорғау ісін жаңа деңгейде жүйелі жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Осы бағытта Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Таза Қазақстан жалпыұлттық бастамасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты аялау жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Аталған бастаманы іске асыруда AMANAT партиясы экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр.

Соңғы жылдары электрондық сауда экономиканың маңызды сегментіне айналып, онлайн-платформалар арқылы сауда жасау кең тарады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы электрондық саудаға қатысты 18 237 өтініш тіркеліп, бұл сала тұтынушылық қатынастардың маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. Онлайн - сауданың кеңеюі бір жағынан халыққа үлкен қолайлылық әкелсе, екінші жағынан экологиялық мәселелерді де алға шығарып отыр. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, тауарды зақымданбай жеткізу үшін пластик, пленка, картон секілді көптеген «шығын материалдары» қолданылады. Жеткізілгеннен кейін олардың басым бөлігі қоқысқа тасталады. Нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтар құрамындағы қаптама үлесі артып, полигондарға түсетін жүктеме жылдан - жылға көбейіп келеді. 

Екіншіден, жеткізу процесі көптеген көлік тасымалдарын талап етеді. Әлемдік зерттеулерге сәйкес, жүк пен тауар тасымалы көмірқышқыл газы бөлінуі шамамен 24 пайызын құрайды, оның ішінде негізгі үлес жеңіл және жүк көліктеріне тиесілі.

Сонымен қатар, елімізде жыл сайын 4,5 - 5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, ал қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2025 жылы шамамен 28 пайызды ғана құрады. Бірқатар өңірлерде мәселенің күрделене түсуі сұрыптау инфрақұрылымының жеткіліксіздігімен және бизнестің қаптама көлемін азайтуға немесе қайта пайдаланылатын ыдыс жүйесін дамытуға экономикалық ынталандырудың әлсіздігімен байланысты.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, маркетплейстерде жеткізудің соңғы кезеңінде электр көліктерін пайдалану көміртегі бөлінуі азайтуға тиімді болып отыр. Мысалы, бірқатар елдерде маркетплейстер қаптамаларды өздері қайта өңдеп, қайта пайдаланылатын орау жүйесін енгізу арқылы экологиялық жауапкершілікті күшейтіп келеді. Ал елімізде мұндай тәжірибе әлі де кеңінен енгізуді қажет етеді.

Сондықтан электрондық сауданың дамуы экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Табиғатты қорғау - тек мемлекеттің ғана емес, бизнес пен қоғамның да ортақ міндеті.

Осыған байланысты электрондық сауда саласының қарқынды дамуын ескере отырып, экологиялық жүктемені азайту және қалдықтарды тиімді басқару мақсатында мынадай нақты ұсыныстарды қарастыруды ұсынамыз:

Біріншіден. Электрондық саудада қолданылатын бір реттік қаптаманы қысқарту бойынша нақты нормативтік талаптар енгізіп, қайта пайдаланылатын әрі экологиялық қауіпсіз қаптама үлесін кезең-кезеңімен арттыру.

Екіншіден. Ірі онлайн - платформалар мен жеткізу компаниялары үшін қаптама қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша кеңейтілген экологиялық жауапкершілік механизмін енгізу.

Үшіншіден. Ірі қалаларда қайтарымды контейнерлер, жәшіктер және көп рет қолданылатын қаптама жүйесін енгізуге арналған пилоттық жобаларды іске қосу.

Төртіншіден. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мақсатында өңірлерде заманауи сұрыптау кешендерін көбейтіп, осы салаға инвестиция тарту үшін экономикалық ынталандыру шараларын күшейту.

Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.