Тоқаев тосын ұсыныс жасады: Израиль мен Иранды Түркістанға шақырды

Бүгін, 18:15 / Ахмет Қанатұлы
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жұмыс сапары барысында Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты үндеу жасап, Израиль мен Иранды келіссөздер жүргізуге шақырды.

Мемлекет басшысы алдымен азаматтық және экономикалық нысандарға жасалып жатқан қарулы шабуылдарды тоқтатудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, келесі қадам – қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін келіссөздерді бастау.

"Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді", – деді Тоқаев.

Президент барлық тараптарды уақыт созбай, қарулы әрекеттерді тоқтатып, диалогқа келуге шақырды.

"Әбден кеш болмай тұрғанда қарулы іс-әрекеттерді доғарып, келіссөздерді бастау қажет сияқты, әйтпесе, әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшырауын айтпағанда, көптеген халықтың бейбіт өмірі, тыныштығы бұзылады, дүние жүзіндегі тұрақтылықтың тұғыры шайқалады", – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев президент