Трамп шегініп, Иран жеңді ме? – Таяу Шығыстағы жағдай

Бүгін, 17:41 / taulik
Фото: Gemini ЖИ арқылы жасалды.

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс жиырма төртінші күніне аяқ басқан сәтте дипломатиялық майданда да шиеленіс бәсеңдемей отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның электр станцияларына соққы беру қаупін бес күнге кейінге қалдырғанын жариялады. Трамп бұл шешімді екі жақтың арасында «өте жақсы және нәтижелі» келіссөздер өткізілгенімен түсіндірді. Ол өзінің Truth Social желісіндегі жазбасында АҚШ пен Иран соңғы екі күн ішінде «Таяу Шығыстағы жанжалды толықтай шешуге» бағытталған жемісті сөйлесулер жүргіздік деп хабарлады.

Алайда Тегеран бұл тұжырымды мүлдем теріске шығарды. Иранның Fars жартылай ресми агентствосы белгісіз бір дереккөзге сілтеме жасай отырып, Тегеранның АҚШ-пен тікелей де, делдал арқылы да ешқандай келіссөз жүргізбейтіндігін мәлімдеді. Иранның IRIB мемлекеттік телеарнасы мәселеге мүлдем басқаша баға беріп, «Трамп Иранның қатаң жауабынан қорқып, өзінің 48 сағаттық ультиматумынан бас тартты» деп жариялады. Fars агентствосы да осы пікірді қостай отырып, Ислам Республикасы энергетикалық инфрақұрылымға шабуыл жасалса аймақтың барлық энергетика нысандарын нысанаға алатынын ескерткеннен кейін барып Трамп шегінгенін атап өтті.

Шындығында, соңғы күндердегі оқиғалардың желісі дәл осындай болды. Трамп Хормуз бұғазын ашуды талап етіп, Иранға 48 сағаттық ультиматум қойған болатын. Иранның Қорғаныс кеңесі бұған жауап ретінде Иран жағалауы немесе аралдарына шабуыл жасалған жағдайда Парсы шығанағындағы барлық кіру жолдарын минаға толтыратынын ескертіп, бүкіл шығанақты Хормуз бұғазындай бұғауда ұстауға қауқарлы екендігін мәлімдеді. Осы ескертуден кейін Трамп ультиматумын жүзеге асырудан тартынды.

Трамптың соққыны кейінге қалдыру туралы жариялауы қаржы нарықтарына бірден әсерін тигізді: мұнай бағасы күрт төмендеп, биржалар өсімге шықты. Дегенмен дипломатиялық алшақтық жойылмады. Иран сыртқы істер министрлігі Трамптың шешімін энергия бағасын төмендетуге және «өз әскери жоспарларын жүзеге асыру үшін уақыт ұту» талпынысы ретінде бағалады. Министрлік «Тегеран мен Вашингтон арасында ешқандай диалог жоқ» деп нақты айтты.

Трамптың соққыны кейінге қалдыру туралы жариялауынан кейін көп ұзамай Израиль армиясы Тегеранның орталығындағы иран режимінің нысандарына жаңа соққылар беріп жатқанын мәлімдеді. Яғни АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық іркіліс Израильдің белсенділігін тоқтатқан жоқ.

Жалпы алғанда, қарулы қақтығыстың аймақтық және жаһандық салдары барған сайын ауырлай түсуде. Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бирол ағымдағы жағдай 1973 және 1979 жылдардағы мұнай дағдарыстарының жиынтығынан да ауыр екенін ескертіп, «егер осы бағытта жалғаса берсе, ешбір ел бұл дағдарыстың салдарынан тыс қалмайды» деген ескерту жасады. Тараптар арасындағы алшақтық орасан: АҚШ бес жыл бойы зымыран бағдарламасын тоқтатуды, уранды байытуды мүлдем тоқтатуды және ядролық нысандарды жоюды талап етсе, Иран соғысты тоқтату мен болашақта шабуыл жасамауға кепілдік беруді, сондай-ақ өтемақы төлеуді алғышарт ретінде қойып отыр.

Тэгтер:

АҚШ соғыс Иран жеңіс Трамп таяу шығыс жеңіліс