Иран Трамптың келіссөздер туралы мәлімдемесін жоққа шығарды

Бүгін, 10:10 / Ахмет Қанатұлы
Tahreer Photography/Getty Images. Суретте: Иран туы

Иран билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Тегеран мен Вашингтон арасында келіссөздер жүріп жатыр деген сөзін теріске шығарды.

Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның айтуынша, Иран мен АҚШ арасында ешқандай келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ.

"АҚШ президентінің мәлімдемелері энергия ресурстары бағасын төмендетуге және әскери жоспарларын жүзеге асыру үшін уақыт ұтуға бағытталған", – деді ол.

Пезешкиан соңғы күндері Иран тек Таяу Шығыс елдерімен, атап айтқанда Оманмен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Бұл келіссөздер Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында өткізіліп жатыр.

"Бұл байланыстар ашық түрде жүзеге асуда. Ал Тегеран мен Вашингтон арасында ешқандай жасырын келіссөздер жоқ", – деп нақтылады ол.

Сонымен қатар Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы да келіссөздердің жоқ екенін мәлімдеп, АҚШ жүргізіп отырған "психологиялық қысым" жағдайында Ормуз бұғазының бұрынғы қалпына келуі екіталай екенін айтты.

КСИР Трамптың мәлімдемесін "шегініс" деп бағалап, бұл Иранның жауап соққы беру қаупінің шынайылығымен байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ олар Батыс елдеріндегі қаржы нарықтарына түсіп жатқан қысымды да негізгі факторлардың бірі ретінде атады.

Иран Сыртқы істер министрлігі де бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, АҚШ-пен тікелей келіссөздер болмағанын растады. Алайда Тегеранға кейбір елдер арқылы диалог орнату жөнінде хабарламалар түскені айтылды.

"Соңғы күндері достас елдер арқылы АҚШ-тың келіссөз жүргізу туралы ұсыныстары келіп түсті. Оларға елдің ұстанымына сәйкес жауап берілді", – деді Иран СІМ өкілі Исмаил Багаион IRNA агенттігіне.

Тэгтер:

АҚШ Иран Дональд Трамп