Тоқаев Түркия президенті Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

Бүгін, 21:37 / Ахмет Қанатұлы
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгіме барысында екі ел басшылары Ораза айт пен Наурыз мейрамына орай бір-біріне ізгі тілектерін жолдады.

Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Ол бұл өзгерістерді Қазақстандағы маңызды саяси қадам ретінде бағалап, елдің әрі қарай дамуына серпін беретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті түрік байқаушыларының референдумға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, бұл екі ел арасындағы бауырластық байланыстың айқын көрінісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Ердоған биыл 14 мамырда Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін жеткізді. Бұл сапар аясында жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы мен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы келіссөздердің екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар Түркістанда өтетін саммитке үлкен үміт артатынын жеткізді.

Әңгіме соңында Ердоған Қазақстан Президентін сәуір айында Анталияда өтетін Дипломатиялық форумға шақырды. Тоқаев бұл шақыруды қабыл алды.

Тэгтер:

Түркия Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоған