Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа қатысты кең тараған кейбір аңыз әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, әлемге белгілі америкалық астронавт Нил Армстронгтың ғарыштан азан дауысын естіді деген әңгімесі – негізсіз тараған ақпарат.
Ғарышкердің айтуынша, ол Нил Армстронгпен жеке кездесіп, осы мәселе жөнінде сөйлескен. Сол кезде Армстронг бұл әңгіменің қалай тарағанын өзі түсіндірген.
"Мен Нил Армстронгпен кездескенмін. Оның ғарыштан азанның дауысын естіпті деген әңгімесі шындық емес. Бір журналист солай жазып жіберген, кейін бәрі соны қайталай берген. Содан кейін аңыз болып тарап кетті", – деген екен америкалық астронавт.
Тоқтар Әубәкіровтің айтуынша, Армстронг әңгіме барысында тағы бір жайтты айтқан. Оның бір әріптесі мұсылмандықты қабылдағанымен, Айда болған кезде ешқандай ерекше дыбыс немесе азан естілмегенін жеткізген.
"Ол маған: "Иә, менің бір жолдасым мұсылмандықты қабылдады. Бірақ Айдан біз ештеңені, ешкімнің дауысын естіген жоқпыз", – деп ашық айтқан", – дейді Әубәкіров.
Сонымен қатар қазақ ғарышкері адамзаттан өзге өркениеттер болуы мүмкін деген ойды да жоққа шығармайды. Оның айтуынша, өмірінде түсіндіре алмайтын ерекше құбылыстың куәсі болған.
"Таңғы алты шамасында далада жүргенмін. Аспанда өте жарық жұлдыз сияқты нүкте көрінді. Қыс мезгілі еді. Бір кезде сол жарық қозғалып, дәл төбеме келді. Біреуге айтсаң сенбейді, ертегі сияқты көрінеді. Содан жүгіріп барып, қасымдағы төрт жігітті ояттым. Үшеуі сыртқа шықты. Сол кезде әлгі табақша бізге жақындап келді де, бір мезетте зу етіп жоғалып кетті", – деп еске алады ғарышкер.
Оның айтуынша, бұл оқиға әлі күнге дейін өзіне жұмбақ күйінде қалып отыр. Тіпті сол кезде бірге көрген үш азамат көп ұзамай жастай өмірден өткен.
"Бұл жайт мені әлі күнге дейін ойландырады. Нақты жауабын тапқан жоқпын. Сол кезде қасымда болған үш жігіт те кейін ерте қайтыс болды. Мұның өзі де бір түсініксіз жағдай", – дейді Тоқтар Әубәкіров.