"Шақырылмаған қонақтар": Алматыда бөтен адамдар тойға кіріп, ішіп-жеп кеткен (ФОТО)

Бүгін, 15:45 / taulik
pixabay.com

Алматыда өткен ұзату тойынан кейін әлеуметтік желілерде күтпеген жағдай қызу талқыланды.

Threads платформасында бойжеткен өз тойына екі бейтаныс адамның келіп, еш қысылмастан қонақтар қатарына қосылғанын жазған. Оның айтуынша, шақырылмаған адамдар бос орындарға отырып, тамақтанып, би билеп, тіпті фотографтың кадрына да түсіп үлгерген.

Той Алматыдағы мейрамханалардың бірінде өткен. Әр қонаққа арналған орын алдын ала белгіленіп, бір адамның орны 55 мың теңге болған. Алайда мереке кезінде орын жетіспей қалғаны байқалған.

"Екі адам келіп, шақырылмаса да отырып алды. Біз орын неге жетпей жатыр деп түсінбей қалдық. Мейрамхана арзан емес", – деп жазды той иесі.

Кейін сол "қонақтардың" бірі жазба авторымен байланысқа шығып, шетелдік досына қазақтың той дәстүрін көрсеткісі келгенін айтып, әрекетін қонақжайлықпен түсіндірген.

Бұл жағдай желіде қызу пікірталас тудырды. Бірі мұны әзілге айналдырса, енді бірі мұндай әрекетті әдепсіздік деп бағалады.

Жазба қысқа уақыт ішінде кең тарап, Threads желісінде екі миллионнан астам қаралым жинаған.

Тэгтер:

қонақ Той мейрамхана би