Ұшақтағы жолаушылар 13 сағат бойы мәйітпен бірге ұшып келді

Бүгін, 09:33 / taulik
ашық дереккөзден

Гонконгтан Лондонға бағыт алған ұшақта жолаушылар 13 сағат бойы көз жұмған әйелмен бірге ұшуға мәжбүр болды.

Шамамен 60 жастағы жолаушы British Airways әуе компаниясының рейсі ұшып шыққаннан кейін бір сағат өтпей қайтыс болған. Соған қарамастан экипаж рейсті кері бұрмай, бағытты өзгеріссіз сақтап, Хитроу әуежайына дейін ұшуды жалғастырған.

Ұшу кезінде экипаж мүшелері мәйітті қайда орналастыру мәселесін жедел шешуге кіріскен. Марқұмның жақындары да жағдайға байланысты абдырап қалған. Әуелде оны дәретханаға орналастыру ұсынылғанымен, бұл шешім қабылданбай, стюардтар әйелдің денесін көрпеге орап, ұшақтың артқы бөлігіндегі арнайы орынға қойған.

Алайда бұл бөліктің жылытылатыны ескерілмей қалған. Соның салдарынан ұшу барысында ұшақтың арт жағынан жағымсыз иіс шығып, жолаушылар арасында алаңдаушылық туындаған.

BA32 рейсі Лондондағы Хитроу әуежайына қонғаннан кейін ұшақты полиция қызметкерлері қарсы алып, 331 жолаушы мен экипаж мүшелерін шамамен 45 минут ұстап тұрған. Осы уақыт аралығында борттағы өлім жағдайы тексерілген.

Ресми шағымдар тіркелмегенімен, оқиға экипажға ауыр әсер еткен. Кейбір қызметкерлер психологиялық жағдайын қалпына келтіру үшін демалыс алуға мәжбүр болған.

Тэгтер:

ұшақ Лондон мәйіт British Airways