Суық қарудың заңсыз айналымына тосқауыл қою шаралары күшейтілді

Бүгін, 17:56 / taulik
Фото: kazgazeta.kz

Бас көлік прокуратурасы суық қарудың, оның ішінде кастеттердің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың (ҚР ҚК-нің 287-бабы) алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізуде.

Тергеу  амалдары көрсеткендей, күдіктілер тыйым салынған заттарды интернет-дүкендер арқылы сатып алған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетімен бірлесе отырып, «Satu.kz» маркетплейсінің суық қару жарнамасын орналастырғаны анықталып, ол ҚР ӘҚБтК-нің 455-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Интернет-алаңдар үшін мұндай жарнаманы орналастырғаны үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылған, сондай-ақ тыйым салынған контентті бұғаттау шаралары қабылдануда.

Көлік нысандарында — әуежайлар мен теміржол вокзалдарында — қылмыстық жауаптылық туралы плакаттар мен баннерлер орналастырылып, тыйым салынған заттарды өз еркімен тапсыруға арналған жәшіктер орнатылған.

Бас көлік прокуратурасы азаматтарға ескертеді: суық қаруды заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру қылмыстық жауаптылыққа, ал жарнаманы орналастыру әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Суық қаруды (соның ішінде кастетті) өз еркімен тапсырған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Ұшу немесе жолға шығу алдында жүк пен жеке заттарды мұқият тексеру ұсынылады.

Тэгтер:

заң заңсыз суық қару тосқауыл шаралар