Есіл жағалауындағы экоакция: Астанада 100-ден астам жас қала тазалығына үлес қосты

Бүгін, 19:32 / taulik

Астанада Есіл өзенінің жағалауында өткен экологиялық акция жүзден астам жастың басын қосып, қаланың ең көп жиналатын аумақтарының бірін тазартуға бағытталды. «Таза Қазақстан» бастамасының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында өткен бұл шара тек қоқыс жинаумен шектелмей, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың нақты үлгісіне айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қатысушылар арнайы учаскелерге бөлініп, жағалауды қоқыстан, түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Шара барысында тек қоқыс жиналып қана қоймай, өзен экожүйесін сақтаудың маңызы туралы ақпараттық жұмыстар да жүргізілді.

«Сарайшық ауданы бойынша бұл акциялар дәстүрлі түрде өтеді, аптасына осы 2-3 мәрте «Таза Қазақстан» акциясын өткіземіз. Ауданымызда осы жылғы экологиялық акциясының басынан бастап 7000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 1500-нан астам ағаш отырғызылды. Жыл соңына дейін 8000 ағаш отырғызу жоспарда бар», – дейді Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Шұғыла

Жалпы, «Таза Қазақстан» науқаны – 2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды жоба. Бұл экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған кешенді стратегиялық бағдарлама. Ол қалалар мен саябақтарды ретке келтірумен қатар, ағаш отырғызу, су айдындарын ластанудан қорғау және қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру секілді бірнеше маңызды бағытты қамтиды:


* Аумақты тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазарту;
* Көгалдандыру: ағаштар мен бұталар отырғызу арқылы жаңа жасыл аймақтарды құру;
* Су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және су көздерінің ластануымен күресу;
* Экологиялық тәрбие: барлық жас топтары үшін табиғатты қорғау бағытында оқу іс-әрекеттерін жүргізу;
* Қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу;
Биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау.

Бесінші аптаға ұласқан «Мөлдір бұлақ» науқаны су ресурстарын сақтауға бағытталған. Осы орайда елордадағы абаттандыру жұмысы маусым айының соңына дейін қарқынды түрде жалғасады деп жоспарланып отыр. Сарайшық ауданында алдағы уақытта жасыл желек санын арттыру мақсатында тағы бірнеше мың көшет отырғызылмақ.

Мұндай шаралардың басты құндылығы қоғамның назарын экология мәселелеріне аударып, әрбір азаматтың өз туған жеріне деген жауапкершілігін ояту.