Армения Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша, жексенбі күні өткен парламент сайлауында премьер-министр Никол Пашинянның «Азаматтық шарт» партиясы дауыстың 49,81 пайызын алып, бірінші орынға шықты.
Оппозициялық «Күшті Армения» одағы 23,29 пайыз, экс-президент Роберт Кочарян басқарған «Армения» блогы 9,94 пайыз дауыс жинады. Нәтижесінде «Азаматтық шарт» парламентте 61 мандат иеленеді.
Сайлауға қатысу деңгейі 58,97 пайызды құрап, бұл 2018 және 2021 жылдардағы сайлауға қарағанда жоғары болды. Сайлауға барлығы 18 саяси күш қатысты.
Армениядағы парламент сайлауы ел тарихындағы ең маңызды саяси оқиғалардың бірі болды – бұл жолы дауыс беру тек билікті бөлісу емес, елдің геосаяси бағытын айқындайтын сауалнамаға айналды.
Оппозиция ішкі үлесін сақтап қалды: «Күшті Армения» 28 мандат алды. Бұл блок Ресеймен тығыз байланысты бизнесмен Самвел Карапетян басқаратын күш болуы маңызды. Яғни, парламентте Ресей бағытын жақтайтын топтар да өкілдік ала алады.
Мәскеудің реакциясы бұл сайлаудың халықаралық өлшемін аша түседі. Путин Армениядағы жағдайды Украинаға дейінгі «дағдарысқа» теңестіруі және Ресейдің армян тауарларына тыйым салуы – ашық қысым құралдарының қолданылғанын білдіреді. Соған қарамастан, Пашинян жеңіске жетті, бұл Ереванның Мәскеудің ықпалынан біртіндеп шығуға ұмтылатынының белгісі.