2026 жылы 5 маусымда Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында медицина қызметкерлерімен кездесу өтті. Іс-шараға «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сакен Арыстанұлы Катбаев және «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Бердіғали қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерімен ашық диалог орнату, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіру, еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және сала қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған Өмірәлі Бердіғали Қазақстан Республикасындағы кәсіподақ қозғалысының бүгінгі даму бағыттары, денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар кәсіподақтар тарапынан қол жеткізілген жетістіктер мен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға тоқталып, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Сакен Арыстанұлы Катбаев кәсіподақ мүшелігінің маңызына тоқталып, кәсіподақ ұйымдарының негізгі міндеті – медицина қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау екенін айтты. Ол еңбек дауларының алдын алу, туындаған мәселелерді уақытылы шешу, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау кәсіподақ қызметінің басты бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Сакен Арыстанұлы кәсіподақ тарапынан қызметкерлердің денсаулығын нығайту және сауықтыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, жыл сайын медициналық қызметкерлердің демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында еліміздің бірқатар шипажайларымен келісімдер жасалып, кәсіподақ мүшелеріне жеңілдетілген шарттармен емдік-сауықтыру қызметтері ұсынылатыны туралы ақпарат берілді.
Ашық форматта өткен кездесуде Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері Гүлнар Сыздықова, Динара Тілепова, Нұрлан Жолдасбеков, Нұржан Жұмағұлов және Мақсат Тілепов өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіподақ қызметіне қатысты мәселелер бойынша жан-жақты жауаптар алды. Қатысушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтар талқыланып, тиісті түсіндірмелер берілді.
Кездесу барысында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарып отырған жұмыстары да сөз болды. Жиынға қатысушылар кәсіподақ ұйымы тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары мен құқықтық қорғау бағытындағы жұмыстарға оң бағаларын берді.
Жалпы кездесуді Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Айтуаров жүргізді.
Іс-шара қорытындысында мұндай кездесулердің медицина қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, кәсіподақ пен қызметкерлер арасындағы байланысты нығайтуға және еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді уақытылы шешуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Қатысушылар кәсіподақ өкілдерімен өткен ашық диалогтың маңыздылығын жоғары бағалап, мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізіліп тұруы қажеттігін жеткізді.