Павлодарда суға түсу қайғылы жағдаймен аяқталды. 2009 жылы туған жасөспірім үй жануарларын суаруға арналған жасанды су қоймасына шомылу кезінде батып кеткен, деп хабарлайды taulik.kz kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жедел жеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында мамандар жасөспірімнің денесін тауып, судан шығарды.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері аталған су айдынының шомылуға арналмағанын атап өтті. Мамандар мұндай орындарда суға түсу адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін ескертіп, азаматтарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
Сондай-ақ құтқарушылар ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауды және оларға судағы қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруды еске салды.