Алматыдағы базарлардың бірінде 13 мыңнан астам қауіпті жұмыртқа анықталды

Бүгін, 12:11 / taulik
Жұмыртқаларды жою процесі. Фото: t.me/saudagovkz

Алматы базарында 13 мыңнан астам заңсыз әкелінген тауық жұмыртқасы анықталып, жойылды, деп хабарлайды taulik.kz Сауда министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы базарларында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кезекті рейдтік іс-шара өтті.

Инспекция мамандары "Барыс-IV" базарын тексеру барысында ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ, тиісті таңбаланбаған және арнайы қаптамасыз сатылымға шығарылған тауық жұмыртқаларын анықтады. Заңсыз айналымнан жалпы 13 680 дана өнім алынды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес хаттамалар толтырылып, кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 1 297 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

"2026 жылдың 10 маусымында тәркіленген 13 680 жұмыртқа қалалық мал қорымындағы "Беккер шұңқырына" тасталып, биотермиялық әдіспен консервацияланды.

Алдын алу шаралары оқиғадан кейін көтерме және бөлшек сауда ұйымдарының басшыларына ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өзге елдерден заңсыз әкелінген өнімдерді сатуға тыйым салу туралы ресми хаттар жолданды", - делінген хабарламада.

Тэгтер:

базар Алматы қаласы заңсыз сауда ветеринариялық қауіпсіздік Барыс-IV