Футболдан әлем чемпионаты тарихында алғаш рет турнирді бірден үш мемлекет – Канада, Мексика және АҚШ қабылдайды. Бастапқыда бұл елдердің әрқайсысы жарысты өткізу құқығына жеке өтінім беруді жоспарлағанымен, кейін күш біріктіріп, ортақ өтінім ұсынған.
Әуелде Канада, Мексика және АҚШ 2026 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығына бөлек-бөлек үміткер болмақ болған. Алайда кейін үш ел күш біріктіріп, «Біртұтас бірлік» ұранымен ортақ өтінім ұсынды.
Мұндай шешім қабылдауға турнир ауқымының ұлғаюы әсер етті. Егер 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатына 32 құрама қатысса, алдағы додада олардың саны бір жарым есеге артып, рекордтық 48 командаға жетеді. Сонымен қатар чемпионат барысында рекордтық 104 матч өткізіледі. Бұл Қатардағы әлем біріншілігімен салыстырғанда 40 ойынға көп.
Қатысушылар мен матчтар санының артуы ұйымдастыру шығындарын да көбейтеді. Стадиондарды дайындау, жаңғырту және турнирді өткізуге қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету қомақты қаржыны талап етеді. Мұндай жағдайда әлем чемпионатын бір ғана мемлекеттің өткізуі барған сайын күрделене түседі. Сондықтан мұндай ауқымдағы турнирді бірнеше елдің бірлесіп өткізуі тиімді шешім ретінде қарастырылды.
Al Jazeera басылымының жазуынша, Солтүстік Американың үш елінің ортақ өтініміне басымдық берілуінің маңызды себептерінің бірі – ұсынылған ыстадиондардың дайын болу.
Өтінімге енгізілген ареналардың барлығы бұрыннан салынған және ауқымды құрылыс жұмыстарын қажет етпейді. Сонымен қатар олардың орташа сыйымдылығы 68 мыңнан астам көрерменге арналған.
Дегенмен мұның екінші жағы да бар. Әдетте ірі спорттық жарыстардың экономика мен жұмыспен қамтуға тигізетін ең үлкен әсері инфрақұрылым салу кезеңінде байқалады. Сондықтан дайын нысандарды пайдалану бұл бағыттағы экономикалық белсенділіктің артуына айтарлықтай ықпал етпеуі мүмкін.
Сондай-ақ турнир өтетін қалалардың көлік, тұрғын үй, медицина, технология және өзге де инфрақұрылымы FIFA талаптарына толық сәйкес келетіні немесе одан жоғары деңгейде екені анықталған.
Еске салайық, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты Канада, Мексика және АҚШ-тың 16 қаласындағы 16 стадионда өтеді.
Турнирді үш мемлекет қабылдағанымен, матчтардың басым бөлігі АҚШ-та ұйымдастырылады. Мұнда барлығы 78 ойын өтеді. Ал Канада мен Мексикада 13 матчтан өткізіледі.
Ширек финалдар, жартылай финалдар және финал секілді шешуші кездесулердің басым бөлігі де АҚШ-та өтеді.
Айта кетейік, турнирдің 100 жылдығына арналған 2030 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш құрлықтағы алты мемлекетте ұйымдастырылады. Атап айтқанда, жарысты Уругвай, Парагвай, Аргентина, Марокко, Испания және Португалия қабылдайды.