АҚШ-тың Иллинойс штатында бірнеше күн бойы із-түзсіз жоғалған қазақстандық Асет Құралбайдың мәйіті табылды. Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
24 жастағы Асет Құралбай соңғы төрт жылда Америка Құрама Штаттарында тұрған. Ол алғашында Work&Travel бағдарламасымен барып, кейін елде қалып, еңбек жолын жалғастырған. Жергілікті ақпараттарға сәйкес, жас азамат Amazon компаниясында курьер болып жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, Асетпен соңғы байланыс маусым айының басында болған. Кейіннен оның телефоны өшіп, жақындары алаңдай бастаған. Жас жігіттің соңғы уақытта тұйықталып кеткені, адамдармен сирек араласқаны және көбіне түнгі уақытта белсенді болғаны айтылуда. Тергеу барысында полиция оның көлігін үйінен алыс емес жерден тапқан. Сонымен қатар бөлмесінен туыстарының байланыс деректері көрсетілген жазба анықталған. Құқық қорғау органдары бұл деректі істің маңызды бөлігі ретінде қарастыруда. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері белгісіз. Тергеушілер жас жігіттің өліміне қатысты барлық нұсқаларды тексеріп жатыр. Сондай-ақ көлікке байланысты анықталған кейбір жайттар да зерттелуде. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тағы құзырлы органдармен байланыс орнатып, оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстарын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Марқұмның туыстарына қажетті консулдық және құқықтық көмек көрсетілуде.
Асет Құралбайдың өліміне қатысты тергеу нәтижелері кейінірек жариялануы мүмкін.