Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдап, Алатау қаласын дамыту, су ресурстары және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды taulik.kz ult.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қанат Бозымбаев Президентке Қытай Халық Республикасында өткен Alatau City Roadshow халықаралық таныстырылымының қорытындылары туралы баяндады. Оның айтуынша, іс-шара аясында 20 түрлі кездесу мен келіссөз өткізіліп, жалпы құны 6,4 миллиард долларды құрайтын 30 келісім мен меморандумға қол қойылған.
Сапар барысында Алатау қаласының инвестициялық әлеуеті Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунға, Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лиге және бірқатар халықаралық компания жетекшілеріне таныстырылған.
Сондай-ақ вице-премьер Президенттің Алматы облысына жуырдағы сапары кезінде берген тапсырмалары негізінде әзірленген жұмыс жоспары жөнінде есеп берді. Бұдан бөлек, гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, жаңа су қоймалары мен каналдар салу сияқты су ресурстары саласындағы жобалардың іске асырылу барысы қаралды.
Кездесуде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалуы да талқыланды. Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңартуға 1,1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінбек. Ақорданың мәліметінше, бұл – тәуелсіздік жылдарындағы салаға бағытталған ең ірі қаржыландыру.
Жоспарға сәйкес, аталған қаражаттың көмегімен алдағы үш жыл ішінде коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына отандық өндірушілерді кеңінен тартудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар Үкіметке оңтүстік өңірлердегі вегетациялық кезеңді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Президент Алатау қаласын дамытуға арналған тұрақты модель қалыптастырудың, шетелдік инвестиция тартудың және инновацияларды енгізуге қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін айтып, Үкіметке қала инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуді жүктеді.