Иран Ормуз бұғазы жабылғанын мәлімдеді - БАҚ

Бүгін, 11:59 / Гауһар Есенгелдіқызы
Pexels.com

Парсы шығанағы аймағында қауіпсіздік ахуалының жағдайы күрт ушығып отыр. Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін халықаралық кеме қатынасын күш қолдану арқылы шектеген. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар теңіз дәлізінде қозғалыс айтарлықтай қиындаған, деп хабарлайды Taulik.kz.

Иран әскерилерінің Ормуз бұғазындағы әрекеттері оқ атумен қатар жүріп, радиоэфир арқылы тікелей қауіп-қатер сипатындағы ескертулер де берілгені айтылды.

Журналистер мәліметінше, әдеттегі бағытпен өтпек болған коммерциялық немесе азаматтық кемелер Иран әскери-теңіз күштері тарапынан қатаң қарсылыққа тап болған. Сондай-ақ Ормуз бұғазы маңында әскери кемелер жүк тасымалдаушы кемелерге қарай бірнеше мәрте ескерту ретінде оқ атқаны айтылды. 

Халықаралық эфирде Иран тарапынан «Жақындамаңдар!» деген сипаттағы қатаң ескертулер тұрақты түрде таратылып жатқаны хабарланды. Әскери құрылымдар Тегеран белгілеген тыйым салынған аймаққа кірген кез келген кеме күш қолдану арқылы тоқтатылуы мүмкін екенін ескерткен.

Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмаған.

Анықтама ретінде Ормуз бұғазы Иран мен Оман арасындағы стратегиялық теңіз өткелі болып саналады. Бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай тасымалының елеулі бөлігі және сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің маңызды көлемі өтеді. Бұғаздағы қозғалыстың уақытша шектелуі жаһандық нарықтарға, соның ішінде мұнай бағасына және халықаралық логистикалық тізбектерге айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар, Парсы шығанағының теңіз жолдарын басқару органы X (бұрынғы Twitter) платформасында кемелердің өтуі алдын ала рұқсат беру тәртібімен жүзеге асырылатынын хабарлады. Сарапшылар мұны алдағы кезеңде су жолын пайдалану тәртібі қатаңдап, қосымша реттеу немесе алым енгізілуі мүмкін деген ықтимал сигнал ретінде бағалап отыр.

Тэгтер:

Иран Ормуз бұғазы парсы шығанағы Оман