«Атам өлген соң бәрі теріс айналды»: Заманбек Нұрқаділовтың немересі тың дерекпен бөлісті

Бүгін, 15:01 / taulik

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ықпалды саяси қайраткерлердің бірі Заманбек Нұрқаділовтың немересі Нұрбибі Нұрқаділова әлеуметтік желідегі парақшасына отбасына қатысты ашық жазба жариялады, деп хабарлайды Taulik.kz.

Нұрбибі атасы өмірден өтіп, отбасындағы саяси ықпал әлсіреген соң, айналасындағы адамдардың көзқарасы өзгергенін айтады. Оның айтуынша, атасы жоғары лауазымды қызметтерде болған кезеңде әкесі Қайрат Нұрқаділовтің телефоны бір сәтке де тынбаған.

"Атам тірі кезінде және жоғары қызметтер атқарғанда әкемнің телефоны тыным таппайтын. Барлығы онымен араласқысы келді, бәріне бірдеңе керек болатын. Айналаның бәрі жағымпаздар мен жалпақшешейлерге толы еді. Қазір сол адамдардың ешқайсысы әкемнің хабарламаларына жауап бермейді, тіпті одан көмек алғандарын ұмытқандай кейіп танытады", — деп жазды Нұрбибі.

Оның айтуынша, бүгінде 59 жастағы әкесі жұмыс іздеп жүр және кезінде өзі көмектескен адамдардан қолдау көрмей отыр.

"Әкеммен сөйлескен сайын көзіме жас келеді. 59 жасында жұмыс іздеп сабылып жүргені жанымды ауыртады. Бір кезде аузына қарап отырған адамдардан жұмысқа орналасуға көмектесуді сұрайды, ал жауап ретінде тек бас тарту, үнсіздік пен менмендік көреді. Атамды өлтіргенге дейін әкем бәріне керек еді, ал бүгін өмір оны шетке ысырып тастағандай, - деді ол.

Нұрбибі өткеннің ауыр жүгі әлі күнге дейін отбасының өміріне әсер етіп келе жатқанын айтты.

"Бұған қатысы бар адамдардың бәріне әлі күнге дейін ашуланамын. Әлі күнге дейін әділдік жоқ. Әлі күнге дейін бұл фамилия біздің иығымызға түскен ауыр жүк болып тұр. Өкінішті", - деп жазды ол.

Тэгтер:

Заманбек Нұрқаділов Нұрбибі Нұрқаділова