Алматы облысындағы перзентханалардың бірінде нәресте еденге құлап көз жұмды

Бүгін, 15:48 / taulik
pexels.com

Босанған әйелдің әпкесі 2026 жылғы 21 маусымда Threads әлеуметтік желісінде перзентханада болған жағдай туралы жазды, деп хабарлайды Taulik.kz.

«Кеше мен бес күндік жиенімнен айырылдым. Босанатын әйелді зембілмен емес, мүгедектер арбасымен босану бөліміне апарған. Соның салдарынан сәби құлап кеткен», – делінген жазбада.

Автордың жазуынша, әйелге кесарь тілігі жасалуы тиіс болған, алайда сол күні толғағы кенеттен басталған. Әрі аталған оқиғадан кейін перзентхана дәрігерлері нәрестені құтқару немесе оған көмек көрсету үшін ешқандай шара қолданбаған.

«Босану палатасын іздеп оны дәлізбен алып бара жатқан кезде ол арбада босанып қалды. Нәресте анасының құрсағынан шыға салысымен қозғалыс үстіндегі арбадан еденге құлаған. Олар баланың жағдайы жақсы екенін айтып, оны анасына берген. Келесі күні сәби тамақ ішпей қойды, әрең тыныс ала бастады. Содан кейін оны шұғыл түрде басқа ауруханаға операция жасау үшін ауыстырды. Өкінішке қарай, бала аман қалмады. Басқа аурухананың дәрігерлері бізге баланың жарақатпен түскенін айтты. Ал енді перзентхана өздерінің салғырттығы үшін жауапкершіліктен жалтарып отыр. Бар кінәні босанған әйелдің өзіне артуда. Біз барлық тиісті мекемелерге арыз жазамыз. Бірақ соған қарамастан, босануға дайындалып жүрген барлық әйелдерді сақ болуға, қырағы болуға шақырғым келеді» – делінген жазбада.

Ал Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы өкілдері аталған оқиғаға төмендегідей пікір қалдырды:

«Аталған оқиға бойынша Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасында көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ өтініште көрсетілген деректер бойынша қызметтік тексеру басталды.Түпкілікті қорытынды ішкі тергеу нәтижелері, медициналық құжаттамаға жасалған сараптамалық бағалау және уәкілетті сарапшы ұйымдардың қорытындылары негізінде шығарылады. Барлық тексеру шаралары аяқталып, қорытынды шешімдер алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады», – делінген ресми түсініктемеде.

Тэгтер:

Алматы облысы Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы нәресте өлімі