Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-2026 аясында тестілеу шамамен 292 мың рет тапсырылды. Талапкерлердің басым бөлігі – 72 пайызы емтиханды қазақ тілінде тапсырған. 28 пайызы орыс тілін таңдаған. Тағы 469 адам тестілеуден ағылшын тілінде өткен, деп хабарлайды Taulik.kz.
Алты аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 68 пайызы шекті балды жинаған. Бес пән бойынша орташа нәтиже 64 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балды Павлодар облысының талапкері жинаған.
Тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 735 талапкер қатысты. Министрлік мәліметінше, олар үшін ҰБТ-ны ыңғайлы тапсыруға қажетті арнайы жағдайлар жасалып жатыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, алты апта ішінде тестілеу ережесін бұзудың 624 дерегі анықталған.
«385 адам тыйым салынған заттарды – смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап және шпаргалка алып кіруге тырысқаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 238 қатысушы тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеру нәтижесінде тестілеу ережесін бұзған 1 адамның нәтижесі жойылды. Тестілеуге басқа адамның орнына кіру деректері тіркелген жоқ», – деп хабарлады министрлік.
Ведомствоның мәліметінше, ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін бейнежазбаларды талдау 31 қазанға дейін жалғасады. Егер ереже бұзу деректері анықталса, тестілеу нәтижелері жойылады.