Алматыдағы LRT пойызы 165 жолаушыны тасымалдай алады

Бүгін, 14:26 / taulik
tengrinews.kz

Алматыда салынатын жеңіл рельсті көлік жүйесіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Болашақтағы LRT құрамының бір вагоны 165 жолаушыны тасымалдап, орташа жылдамдығы сағатына 20 шақырым болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі техникалық-экономикалық негіздеме тек инфрақұрылым құрылысына арналған. Яғни жоба аясында рельс төсеу, станциялар салу, инженерлік желілерді тарту жұмыстары қарастырылған.

Ал LRT вагондарын сатып алу бөлек жоба ретінде жүзеге аспақ. Қазір мамандар жылжымалы құрамның техникалық сипаттамаларын пысықтап жатыр.

Жобаның нақты құны мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынан кейін белгілі болады.

Айта кетейік, Алматыдағы алғашқы LRT желісінің ұзындығы 18,3 шақырымды құрайды. Бағыт Алатау ауданындағы индустриялық аймақтан басталып, Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жетеді.

Маршрут Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелері арқылы өтіп, кейін Абылай хан даңғылымен «Райымбек батыр» көлік торабымен жалғасады.

Құрылыс жұмыстары 2027 жылдың сәуір айында басталып, 2029 жылдың сәуіріне дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жоба жеке инвестиция есебінен қаржыландырылмақ. Ал жолақы құны әзірге белгісіз.

Тэгтер:

#LRT #Жеңіл рельсті көлік жүйесі #Алматы #Кептеліс