Алматы облысында айдаладан полицейдің өртенген денесі табылды

Бүгін, 16:09 / taulik

Алматы облысы Кеген ауданында таулы аймақтан адамның өртеніп жатқан денесі табылды. Кейін оның жеке басы анықталып, полиция қызметкері екені белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ер адамның денесі Көкпек – Көктал – Кеген тасжолынан шамамен 400 метр қашықтан табылған. Өртеніп жатқан денені мал іздеп жүрген шопан байқап, полицияға хабарлаған.

Оқиға орнына келген полиция қаза тапқан азаматтың жеке басын анықтады. Ол Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарған Аслан Әлсеров болып шықты.

Мәйіт түгелдей жанып кеткен. Ал оң қолынан өртенген арқанның қалдықтары табылған.

Тергеу дерегінше, қылмыс полицейдің Алматы қаласындағы пәтерінде жасалған болуы мүмкін. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртеген.

Полицияның мәліметінше, қазір марқұмның жұбайы мен ұлы күдікке ілінді.

«Кеген ауданында ер адамның жанып кеткен мәйіті табылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. 23 маусым күні полицияға таулы аймақтан мәйіттің табылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр», – делінген хабарламада.

Тэгтер:

Алматы өрт апат Кеген