Трамп Зеленский туралы пікірін өзгертті: АҚШ Украинаға қолдауды күшейтуі мүмкін

Бүгін, 13:11 / taulik
фото: BBC сайтынан алынды

АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу барысында Украина президенті Владимир Зеленский туралы оң пікір білдірді. Бұған дейін Зеленскийді бірнеше рет сынаған Трамп бұл жолы украин көшбасшысының соғыс жағдайындағы әрекетіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Taulik.kz, BBC.com-ге сілтеме жасай отырып.

«Оның жағдайы жаман емес. Қалай қарасақ та, ол беріспей, өз ұстанымын сақтап келеді», – деді Трамп.

Financial Times басылымының хабарлауынша, Киев билігі Трамптың Украинаға қатысты ұстанымы өзгеріп жатқанын байқаған. Украина тарапының пікірінше, Ақ үй басшысы енді Ресейге қысымды күшейтуге және соғысты тоқтатуға бағытталған қадамдарды қолдауға бейім болуы мүмкін.

Ал Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-тың бұрынғыдай бейтарап делдал рөлінен алыстап бара жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Вашингтон Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейту бағытын таңдаған.

Financial Times дереккөздерінің мәліметінше, өткен аптада өткен G7 саммитінде Трамп Украина армиясының Ресей аумағындағы нысандарға жасаған соққыларына ерекше назар аударған. Басылымның жазуынша, бұл әрекеттер Трампқа әсер етіп, Ресейде АҚШ-қа қатысты көңілсіздік күшейе бастаған.

Сонымен қатар соңғы тәуліктерде Ресей мен Украина арасындағы шабуылдар жалғасуда. Ресей билігінің мәліметінше, Қырымда жасалған шабуыл салдарынан екі адам қаза тапқан, олардың бірі – бала. Брян облысында камикадзе-дрон шабуылынан тағы екі адам көз жұмды. Ал Краснодар өлкесіндегі мұнай базасына соққы жасалғаны хабарланды.

Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский 22 маусым күні Беларусь аумағындағы Ресей дрондарының жұмысына көмектескен ретрансляторлардың қызметі тоқтатылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім Ресейдің Украинаға қарсы дрондық шабуылдарын қиындатуы мүмкін.

Трамптың Зеленскийге қатысты оң пікірі мен АҚШ ұстанымындағы ықтимал өзгерістер халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Алдағы уақытта Вашингтонның Украина мен Ресейге қатысты саясатының қалай қалыптасатыны әлемдік саясаттағы маңызды мәселелердің бірі болмақ.

Тэгтер:

Украина АҚШ НАТО Трамп Зеленский