Алматы облысында өртенген күйі табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровті туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Марқұм құқық қорғау саласында 15 жылдан астам еңбек еткен. Оның артында жеті баласы қалды, деп хабарлайды Taulik.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Күні кеше Кеген ауданының таулы аймағынан қол-аяғы байлаулы, өртенген күйінде табылған полиция қызметкеріне қатысты түрлі ақпарат таралуда. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, марқұмның жұбайы мен ұлы күдікті ретінде танылған.
“23 маусымда полицияға таулы аймақтан мәйіт табылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға Алматы қаласында болған”, – дейді Алматы облысының полиция департаменті.
Асқан жауыздықпен жасалған қанды қылмыс пәтерде болған, дейді көрші-қолаң. Мұнда марқұм отбасымен бірге тұрыпты. Қазір есік мөрленген. Көршілер қаза тапқан Аслан мен жанұясы туралы бірде-бір жаман пікір айтпады. Сол күні де ешқандай айқай-шу естімепті. Тіпті қылмыс болғанын полиция қызметкерлері жауап алуға келгенде ғана білген.
“Бізге бір полиция бала келіп, ана немерем 33-те, содан сұраған. "Сендер қашаннан тұрасыңдар, кеше естідіңдер ме?" деп. Ол жұмыстағы кісілер, мен де ештеңе естіген жоқпын. Тым-тырс. Ылғи да жұмыста. Анда-санда балконнан балаларын көремін. Түк те білмейміз. Кеше қайғырып қалдым. Әп-әдемі, сондай кісілер. Келіншегі де, өзі де”, – дейді отбасының көршісі.
Ер адамның денесі Көкпек – Көктал – Кеген тасжолынан шамамен 400 метр қашықтан табылған. Өртеніп жатқан денені мал іздеп жүрген шопан байқап, полицияға хабарлаған. Мәйіт түгелдей жанып кеткен. Ал оң қолынан өртенген арқанның қалдықтары табылған.
Тергеу дерегінше, қылмыс полицейдің Алматы қаласындағы пәтерінде жасалған болуы мүмкін. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртеген.
Қазір марқұмның жұбайы мен ұлы күдікке ілінді.