«Әскерден алып қаламын»: Ақтөбеде заңсыз қызмет көрсетпек болған алаяқ ұсталды

Бүгін, 14:28 / taulik
gov.kz/memleket

Ақтөбеде 20 жастағы тұрғын полицияға алаяқтық бойынша арызданған. Ол әскери қызметке шақыруға байланысты медициналық комиссиядан өтіп жүргенін айтып, белгісіз азаматқа алданып қалған. Айтуынша, құқық бұзушы 250 мың теңгеге әскери қызметтен кейінге қалдыруға көмектесуге уәде еткен, деп хабарлайды Taulik.kz.

Жас жігіт алаяқтың сөзіне сеніп, аталған соманы қолма-қол берген. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай, уәдесін орындамаған.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде полиция күдіктінің кім екенін анықтап, оны бөлімшеге жеткізді. Ол 21 жастағы жергілікті  Ақтөбе қаласының тұрғыны болып шыққан. Тергеу барысында күдіктінің алған ақшаны жеке қажетіне жұмсағаны белгілі болды.

Осы дерек бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция азаматтарды мұндай ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу секілді мәселелерді ақша арқылы шешіп беремін дейтін адамдарға сену қауіпті. Тәртіп сақшылары әскери қызметке қатысты барлық шешім қолданыстағы заңнамаға сай тек уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы қабылданатынын ескертті.

Тэгтер:

алаяқтық әскери қызмет Ақтөбе облысы медициналық комиссия