Абай облысында абақтыға телефон кіргізбек болған сотталушының жазасы ауырлады

Бүгін, 15:21 / taulik
polisia.kz

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеп жүрген 40 жастағы сотталған ұялы телефон тасымалдамақ болғаны үшін жазасын осы мекемеде өтеу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Taulik.kz.

Мәліметке сәйкес, ер адам бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеп жүрген кезде тыйым салынған затты өткізбек болған. Аталған әрекеттен кейін сотталушыға қатысты тиісті шара қолданылып, оның жазаны қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеу құқығы тоқтатылды.

Аталған дерек бойынша жиналған материалдар сотқа жолданды. Сот сотталғанның әрекетін жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзу деп бағалады. Нәтижесінде оның жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеу тәртібі өзгертіліп, 1 жыл 8 ай мерзімге орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстыру туралы шешім қабылданды.

- Белгіленген ережелерді сақтау барлық сотталғандар үшін міндетті болып табылады. Тыйым салынған заттарды алып өту әрекеттері ұстау режимін елеулі бұзу ретінде қарастырылады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны өтеу шарттарын қатаңдатуға дейін жауапкершілік қарастырылған, - деп атап өтті мекеменің жедел топ бастығы Елдар Искаков.

Тэгтер:

телефон Абай облысы Тыйым салынған зат Елдар Искаков