Молдова Мәдениет министрлігі қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуровты республика аумағында концерті өтуі ұсынылмайтын ТМД елдері әртістерінің тізіміне енгізді, деп хабарлайды Taulik.kz.
Аталған тізім ұсыныс сипатында жасалған және әртістердің елде өнер көрсетуіне ресми түрде тыйым салынғанын білдірмейді. Алайда ведомство ұйымдастырушыларға тізімдегі өнер иелерін шақырған жағдайда ықтимал салдарға өздері жауап беретінін ескертті. Сонымен қатар мұндай орындаушыларға елге кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін.
Мәдениет министрлігі бұл шара халықаралық мәдени ынтымақтастықты шектеуді көздемейтінін мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, оның мақсаты – Молдова қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу.
Молдовада тағы кімдердің концерті ұсынылмайды?
Жарияланған тізімге барлығы 25 әртіс енген. Нұрлан Сабуровтан бөлек, олардың қатарында Моргенштерн, Клава Кока, Егор Крид, Баста, Гуф, «Руки Вверх!», «Ленинград», t.A.T.u. топтары, сондай-ақ Леонид Агутин, Дмитрий Маликов, Игорь Николаев, Диана Арбенина және басқа да орындаушылар бар.