Қазақстандық ер адам үш баладан кейін вазэктомия жасауға бел буды

Бүгін, 11:43 / taulik
stan.kz (отбасылық мұрағаттан)

Астаналық ерлі-зайыпты Диас пен Айым – үш баланың ата-анасы. Ерлі-зайыпты саналы түрде вазэктомия, яғни ер адамдарға жасалатын хирургиялық контрацепция әдісін жасатуға шешім қабылдап, қазір осы процестің қалай жүріп жатқанын баяндады. Алайда ерлі-зайыпты кеңес алу үшін дәрігердің алдына барғанда маман контрацепцияны ер адам емес, әйелге жасау керегін айтқан. Айым қазақстандық әйелдерге қоғамда тым көп жүк артылатыны, тіпті көп жағдайда өзін құрбан ететіні бағаланбайтынын айтты, деп хабарлайды Taulik.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Вазэктомия – ер адамның ұрық шығару өзектерін байлау немесе кесу арқылы жасалатын хирургиялық операция. Бұл процедурадан кейін сперматозоидтар шәует құрамына түспейді, соның нәтижесінде ер адам табиғи жолмен бала сүйе алмайды.

Қазақстандық жұп “үш баламен шектелеміз” деген шешімге келу оңай болмағанын айтады. Айымға контрацепциялық тәсілдер қолдануға болмайтындықтан, Диасқа вазэктомия жасалатын болып шешкен.

“Екеуіміз де Арқалық қаласының тумасымыз. Қазір Астана қаласында тұрамыз. Мен 30 жастамын, жолдасым биыл 35-ке толады. Үш баламыз бар: қыздарымыз 6 және 3 жаста, ал ұлымыз бір жаста. Бұл шешімге біз бір күнде келген жоқпыз. Үшінші баламыз дүниеге келгеннен кейін контрацепция мәселесі туралы ойлана бастадық. Медициналық көрсеткіштерге байланысты маған жатырішілік спираль мен гормонды контрацептивтерді қолдануға болмайды. Сол кезде мен жолдасыма вазэктомия туралы айттым. Біз бұл мәселені ұзақ уақыт бойы жан-жақты зерттедік, тіпті сперматозоидтарды криоконсервациялау мүмкіндігін де қарастырдық. Көп әңгімелер мен барлық артықшылығы мен кемшіліктерін таразылай келе, бұл шешімге саналы түрде бірге келдік”, – дейді Айым.

Ерлі-зайыпты контрацепцияға қатысты жауапкершілік ері мен әйелі арасында тең бөлінуге тиіс деп санайды. Сондай-ақ олар мұндай шешімге не себеп болғанын айтып берді.

“Біздің қазір үш баламыз бар. Басты себеп – әйелдің денсаулығы. Бірнеше жүктілік пен босанудан кейін әйелдің денсаулығы белгілі бір деңгейде әлсірейді. Сондай-ақ оған қайтадан хирургиялық ота жасалғанын немесе үнемі гормонды препараттар қабылдағанын құптамаймыз. Біздің ойымызша, отбасы болған соң контрацепцияға қатысты шешім қабылдау мен жауапкершілік әйел мен ер адамның арасында теңдей бөлінуі керек”, – дейді Айым мен Диас.

Олар вазэктомия туралы интернеттен білген, сөйтіп оны ұзақ уақыт зерттеген. Оларды қазақстандық көптеген дәрігерлердің бұл операция туралы өздерінің Instagram парақшаларында ашық айтып, ақпарат таратқаны ерлі-зайыптыны қатты таңғалдырған.

“Әрине, күмән мен қорқыныш болды. Ең алдымен операцияның өзінен және жалпы наркоздан қорықтық. Бұл тақырыпты ұзақ зерттеп, медициналық мақалаларды оқыдық, сондай-ақ осы процедурадан өткен адамдардың тәжірибелерімен таныстық. Соның арқасында санамыздағы көп мифтер мен қорқыныштарды жеңе алдық”, – дейді Айым

Олар әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп, ол туралы ашық айтып жүріп желі қоланушыларынан үлкен қолдау тапты. Алайда Айым мен Диастың ата-анасы және туыстары олардың бұл шешімдерін мүлдем құптамаған. Олардың сөздерінше, қазір жақындарының тарапынан сын мен жағымсыз пікірлер көп айтылып жатыр. Десе де қазақстандық жұп осылайша қоғамдағы маңызды мәселені көтеріп, ақпараттандыру арқылы өз үлесімізді қосып жатырмыз деп санайды.

Ерлі-зайыпты бұл бастамаға еш өкінбейтінін жеткізді. Диастың айтуынша, бір баламен шектелуді тұңғышы Томирис дүниеге келгенде-ақ ұсынған. Бірақ оның бұл ұсынысына жұбайы келіспеген. Осылайша, Томиристен соң ерлі-зайыпты таға екі сәбиді дүниеге әкелді. 

“Мен әйелімді жақсы көремін. Мұның бәрін сол жан үшін жасап жатырмын. Басқа контрацепциялық әдістерге келер болсақ, өзім мүшеқаптан бас тарттым, әйелімнің гормонды дәрі ішкенін қаламадым. Өйткені ол әйелдің денсаулығына, мүсініне әсер етеді. Үш балам бар, шүкір. Бастысы – оларды менің сүйіктім дүниеге әкелді. Ал вазэктомия жасатсам ол менің денсаулығыма еш кері әсерін тигізбейді. Сондықтан біз бұл шешімге саналы түрде келдік”, – дейді Диас.

Айым мен Диастың отбасына қатысты шешім келісіліп, ерлі-зайыпты тас-түйін бекінсе де дәрігерлер оларды асығыс қадам жасамауға шақырған. Тіпті контрацепциялық тәсілді ер адамға емес, әйелге жасауға кеңес берген.

“Қазір дәрігерлерге көрініп жүрміз. Урологтың қабылдауына бір рет бардық. Алайда ол бізге операция жасауға келісім бермеді. Ол Қазақстан заңнамасын алға тартып, операция жасаудан бас тартты. Алайда операцияға дайындалмас бұрын біз заң талаптарын мұқият зерттедік. Ең жағымсыз жағдай дәл сол дәрігердің қабылдауында болды. Заң бойынша вазэктомияны 35 жастан асқан немесе кемінде екі баласы бар ер адамдар жасата алады. Соған қарамастан дәрігер жолдасым 35 жасқа толмайынша операция жасалмайтынын айтып, туған күнінен кейін қайта келуді ұсынды. Сондай-ақ “Осы уақытқа дейін тағы ойланып көріңіздер. Егер ажырасып кетсеңіздер, күйеуіңіз кейін бала сүйе алмай қалады" деп кеңес берді. Процедураны сабырлы түрде түсіндіріп, талқылаудың орнына, дәрігер бізді вазэктомиядан бас тартуға үгіттегендей әсер қалдырды. Тіпті керісінше, күйеуіме емес, маған түтіктерді байлау, яғни тубэктомия жасауға кеңес берді. Біз мұндай ұсынысқа келіспей, шағым түсірдік. Өйткені ер адамның да өзінің репродуктивтік денсаулығына қатысты шешімді өз бетінше қабылдауға құқығы бар деп есептейміз”, – дейді Айым. 

Тэгтер:

Вазэктомия хирургиялық контрацепция жатырішілік спираль