Ресей президенті Владимир Путин Украинаның өзара әуе соққыларын тоқтатып, ұрыс қимылдарын төрт өңірмен шектеу туралы ұсынысына пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресейдің жоспарына«Киев режимін құтқару» кірмейді. Путин бұл туралы «Вести» бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Ресей президентінің сөзінше, Украина Мәскеуге екі ел аумағына жасалатын өзара соққыларды тоқтатуды және ұрыс қимылдарын Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон бағыттарымен ғана шектеуді ұсынған, деп хабарлайды Taulik.kz.
Ресей басшысы мұндай шарттарға келісу Украина Қарулы күштері үшін «құтқару жолы» болуы мүмкін екенін айтты. Путиннің пікірінше, ондай жағдайда украин әскері Николаев, Днепропетровск, Харьков және Сумы облыстарындағы, сондай-ақ мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелеріндегі бөлімшелерін шығарып, оларды ұрыс жүріп жатқан төрт өңірге бағыттар еді.
Украинаның Ресей аумағының ішкі бөліктеріне соққы жасауды тоқтату жөніндегі ұсынысына қатысты Путин Ресейдің жауап соққылары «анағұрлым қуатты, сезімтал әрі жойқын» екенін мәлімдеді.
– Біздің Украина аумағының ішкі бөліктеріне беретін жауап соққыларымыз әлдеқайда қуатты, сезімтал және, ашық айтқанда, жойқын. Олар Киев режимі үшін шынымен ауыр салдарға әкеледі, – деді Ресей президенті.
Путин Ресей армиясының басты міндеті Донбассты толық «азат ету» екенін айтты.
Ресей президенті бұл сұхбатты ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесіне арналған кеңестен кейін берген. Кеңесте ол Ресейдегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының қуаты барынша пайдаланылып жатқанын мәлімдеді.
Путиннің айтуынша, Украина Қарулы күштерінің соққыларынан болатын салдарды барынша азайту қажет. Ол Ресейдегі бензин қоры 1,7 миллион тонна екенін, бұл былтырғы көрсеткішке жақын екенін айтты.
Айта кетейік, Ресей 2022 жылдың қыркүйегінде өткен референдумдардан кейін Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын өз құрамына қосқанын мәлімдеген. Алайда Украина, АҚШ және Еуроодақ елдері бұл референдумдардың нәтижесін мойындаған жоқ.