Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында төрт адамнан тұратын отбасының аса қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Ел ішінде резонанс тудырған іс бойынша басты айыпталушы – қаза тапқан отбасының күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев, деп хабарлайды Taulik.kz.
Ол өзінің қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Насип Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың ересек балалары Мирамгүл Қарабалинаны және Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деп айыпталып отыр.
30 маусымда мемлекеттік айыптаушылар Сәрсемалиевке бұған дейін тағылған айыпқа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жария етті. Осыдан кейін судья Зарема Хамидуллина сотталушыны айыптау актісінің жаңа редакциясымен таныстырды. Судьяның айтуынша, адам өлтіру эпизодтары бойынша айыпқа жаңа саралау белгілері енгізілген.
«Насип Өтешқалиева мен Мақсот Қарабалинді өлтіру эпизоды бойынша айып ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 13-тармағымен, яғни “басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған адам өлтіру” белгісімен толықтырылды», – деп оқыды судья Зарема Хамидуллина.
Бұдан бөлек, Мирамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша айып ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 3 және 10-тармақтарымен толықтырылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, марқұм ДЦП дертіне шалдыққан, сондай-ақ көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі болған. Сол себепті ол дәрменсіз күйде болып, қарсылық көрсете алмаған. Тергеу органдарының пайымдауынша, қылмысқа әйелдің ата-анасы қайтыс болғаннан кейін полицияға жүгінбек болғаны себеп болуы мүмкін.
Tengrinews.kz хабарлауынша, айыпқа енгізілген тағы бір өзгеріс әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға қатысты баппен байланысты.
«Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды заңсыз алу эпизодтары бойынша сотталушының әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен, яғни “ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы жасалған алаяқтық” бабымен толықтырылды», – деп жариялады судья Зарема Хамидуллина.
Осылайша, Сұлтан Сәрсемалиевке қаза тапқан адамдардың атына есептелген әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алуға байланысты алаяқтық айыбы қосымша тағылып отыр. Эпизодтардың бірі бойынша келтірілген шығын көлемі нақтыланып, 520 996 теңге болғаны айтылды.
Сонымен қатар бұған дейін мал сатуға қатысты алаяқтық ретінде сараланған эпизод ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 1-бөлігі, яғни «мал ұрлығы» бабына қайта сараланды.
Бұған дейін тағылған қалған айыптар өзгеріссіз қалды. Өзгерістер жарияланғаннан кейін судья сотталушыға олардың мәнін түсіндірді.
Іс материалдарына сәйкес, қылмыс ұзаққа созылған отбасылық жанжал аясында жасалған болуы мүмкін.
Сәрсемалиевтің соттағы өз жауабына қарағанда, қылмыс жасалғаннан кейін ол Қазақстаннан кетіп қалған. Айтуынша, ол тергеуден бой тасалап, «шындықтан қашуға» тырысқан. Сотталушы өз әрекетін ұзаққа созылған қарыз мәселелерінен туындаған ауыр дағдарыспен байланыстырды.
Сотта айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Ол Мирамгүл Қарабалинаны, сондай-ақ жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін айтты.
Алайда сотталушы Наурыз Мұқанғалиевті өлтіру алдын ала жоспарланбағанын алға тартты. Сәрсемалиевтің сөзінше, ол жанжал кезінде өзін қорғау мақсатында марқұмға өлімге әкелген жарақат салған. Айыпталушы бұл жанжалды жәбірленушінің өзі бастағанын мәлімдеді.