Астанада зейнеткерлерге тегін құқықтық көмек көрсетілді

Бүгін, 13:02 / taulik
Сурет авторы: Алуа Әшірбекова

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында зейнеткерлерге арналған арнайы құқықтық қабылдау ұйымдастырылды. Сарыарқа ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өткен шарада егде жастағы азаматтар заңгерлерден тегін кеңес алып, өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды деп хабарлайды Taulik.kz.

Іс-шара аясында заңгер мамандар, нотариустар, адвокаттар және жеке сот орындаушылары қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, оларды толғандырған құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес ұсынды. Шара барысында шамамен 50-60 зейнеткер келіп, өз мәселелерін мамандармен талқылап, қажетті ақпарат алды. Қатысушылар легі күні бойы үзілмей, азаматтар келіп-кетіп жатты.

Мұндай бастаманың басты мақсаты - егде жастағы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ақылы заңгерлік көмекке жүгіне алмайтын тұрғындарға қолдау көрсету. Бұл жөнінде іс-шара ұйымдастырушысы Мустафина Сайран Бикеновна шараның маңыздылығына ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінгі акция ең алдымен зейнеткерлерге қолдау көрсету үшін ұйымдастырылған. Көп жағдайда аға буын өкілдері заң саласына қатысты сұрақтар туындағанда ақылы консультация алуға мәжбүр болады. Алайда мұндай қызметтердің бағасы бәріне бірдей қолжетімді емес. Сондықтан ұйымдастырушылар халықтың осы санатына тегін құқықтық көмек көрсетуге басымдық берген.

«Бүгінгі өткізіп жатқан акциямыздың басты мақсаты - зейнеткерлерге көмек көрсету және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Егер олар жеке мамандарға жүгінсе, мұндай қызмет ақылы болады. Ал бүгінгі шара барысында барлығы тегін кеңес ала алады. Көбінесе зейнеткерлер өз сұрақтарына нақты жауап ала алмай жатады. Сол себепті алдын ала хабарлап, осындай іс-шара ұйымдастыруды жөн көрдік», - деді Мустафина Сайран Бикеновна.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда егде жастағы азаматтар көбіне тұрғын үй мәселесі мен зейнетақыға қатысты сұрақтар көтереді. Әсіресе ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, баспана ала алмаған немесе зейнетақы мөлшеріне көңілі толмайтын азаматтар көптеп кездеседі.

«Көпшілік тұрғын үй мәселесі бойынша келеді. Сонымен қатар зейнетақы көлеміне қатысты сұрақтар да өте көп. Астана қаласында ұзақ жылдар еңбек еткен, бірақ әлі күнге дейін пәтер ала алмаған азаматтар да өз мәселелерімен келіп жатыр», - дейді ұйымдастырушы.

Шараға қатысқан нотариус Кантарбаева Макпал Ержановнаның сөзінше, зейнеткерлердің басым бөлігі мұрагерлік пен мүлікті рәсімдеуге қатысты мәселелермен жүгінеді. Әсіресе өзінен кейінгі мүлікті балаларына заңды түрде қалай тең бөліп беру керектігі, қандай құжаттар дайындау қажеттігі жөнінде сұрақтар жиі қойылады.

«Көбінесе зейнеткерлер мұрагерлік мәселесі бойынша келеді. Олар артында қалған мүлкін балаларына қалай дұрыс әрі тең бөліп беремін, оған қандай құжаттар керек деген сұрақтарды жиі қояды. Бұл қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі», - деді нотариус.

Сонымен қатар мамандар соңғы уақытта алаяқтық әрекеттердің көбейіп кеткенін айтып, егде жастағы азаматтарды сақ болуға шақырды. Нотариустың айтуынша, алаяқтар көбіне зейнеткерлердің сенгіштігін пайдаланады.

«Қазіргі үлкен мәселе - алаяқтық. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге сеніп қалып жатады. Үйлерін сатқызып жіберген, ақшасын бөтен адамдардың есепшоттарына аударып қойған жағдайлар өте көп. Әсіресе мұндай жағдайлар Астана қаласында жиі кездесіп жатыр», - деді Макпал Ержановна.

Маман күмәнді жағдайларда немесе белгісіз қоңыраулар түскен жағдайда бірден тиісті органдарға жүгіну қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген құқықтық мәселеде көмек сұраудан қорықпау маңызды.

Іс-шараға келген зейнеткерлер де мұндай бастаманың маңызын ерекше атап өтті. Кеңес алуға келген қариялардың бірі көрсетілген қызметтің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, ризашылығын білдірді.

«Барлығын түсіндіріп айтты. Қарт адамдарға өте жақсы жағдай жасалған. Қандай құжат керек, оны қайдан алу керек, түсініспеушілік туындаса не істеу қажет  барлығын анық түсіндірді. Жалпы іс-шара өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған», - деді шараға қатысқан зейнеткер.

Айта кетейік, бұл бастама ұйымдастырушылардың айтуынша биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Дегенмен қатысушылардың белсенділігі мен оң пікірлерін ескере отырып, мұндай тегін құқықтық кеңес беру акцияларын алдағы уақытта жиі ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Тэгтер:

#Астана #Зейнеткерлер #Тегінкөмек #Заң мен тәртіп #Алаяқтар #Сұрақ-жауап