Астанада «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті: жастар табиғатты қорғауға үн қосты

Бүгін, 12:55 / taulik

Астанада жалпыхалықтық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Таза жағалау» атты ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер, белсенді жастар және экология мәселесіне бейжай қарамайтын қала тұрғындары қатысты. Акцияның басты мақсаты – өзен жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазарту ғана емес, жастар арасында табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастырып, қоғамды ортақ іске жұмылдыру.

Экологиялық акция барысында қатысушылар жағалау аумағын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны күтіп ұстаудың маңыздылығы туралы пікір алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қаланың тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жастармен тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Сұлтан Батырханұлы Ұмырғалиев соңғы жылдары экологиялық бастамаларға жастардың қызығушылығы айтарлықтай артқанын атап өтті.

– «Таза жағалау» экологиялық акциясы – бұл жай ғана аумақты тазалау емес. Бұл – тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктіріп, қаламызды таза әрі жайлы етуге бағытталған маңызды бастама. Әр акция сайын еріктілер мен жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді», – деді ол.

Акцияға қатысушылардың айтуынша, табиғатты қорғау бір күндік шарамен шектелмеуі тиіс. Экологиялық мәдениет адамның күнделікті өмір салтына айналғанда ғана мұндай жұмыстар нақты нәтиже береді.

Шара барысында сөз алған «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының президенті Айгерім Жиенбек жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда мұндай акциялардың маңызы зор екенін айтты.

Оның пікірінше, табиғатты қорғау мәселесі бүгінде тек экологтардың немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Сондықтан жастардың осындай қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, елдің болашағына деген жауапкершілігін күшейтеді.

Іс-шара барысында қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мәніне ерекше тоқталды. Олар бұл жобаның бүгінде қарапайым экологиялық акция деңгейінен асып, қоғамдағы маңызды қозғалыстардың біріне айналғанын атап өтті. Бастама қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, әрбір азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Белсенділердің айтуынша, табиғатты қорғау ең алдымен әр адамның жеке әрекетінен басталады. Көшеге қоқыс тастамау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, ағаш отырғызу немесе экологиялық акцияларға қатысу – қоршаған ортаны қорғауға қосылған нақты үлес.

Акцияға қатысқан жастар мұндай шаралар олардың ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіне мүмкіндік беретінін айтты. Олар тұрақты даму қағидаттарын қолдау, табиғатты аялау және қоғамға қызмет ету сияқты ұстанымдардың жастар арасында кеңінен насихатталуы маңызды екенін жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза жағалау» секілді экологиялық акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіледі. Бұл бастамалар қала тазалығын сақтаумен қатар, жастардың экологиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды өмірлік ұстанымға айналдыруға бағытталған.