Египет құрамасының бас бапкері ФИФА-ны әділетсіздікке айыптады

Бүгін, 15:12 / taulik
Кадры из видео

Египет ұлттық құрамасының бас бапкері Хоссам Хассан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентинадан жеңілгеннен кейін ФИФА мен төрешілер жұмысына қатысты қатаң мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Taulik.kz, Tengrisport.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Маманның айтуынша, оның командасы әділетсіз төрешіліктің құрбаны болған. Сондай-ақ ол турнирдің қазіргі әлем чемпиондарының пайдасына ұйымдастырылғанын алға тартты.

«Мен салдары қандай болса да, өз ойымды ашық айтамын. Бұл матч алдын ала ұйымдастырылғаны анық, оны бүкіл әлем көрді. Егер Аргентинаның жеңгенін соншалықты қаласаңыздар, онда басқа құрамаларды не үшін шақырасыздар?

Әлем чемпионаты маркетингтік индустрияға айналып кетті. Олар Мессидің турнирден шығып қалғанын қаламайды. Сондықтан бұл кездесуде әділдік болған жоқ. Месси бұл жеңісті тойламауы керек.

Бүгіннен бастап әлем чемпионатының бірде-бір матчын көрмеймін. Бұл – біз бастан өткерген әділетсіздікке қарсы наразылығым. Ал өз футболшыларымды шын жүректен құттықтаймын. Олар – елдің нағыз батырлары», – деді Хоссам Хассан.

Сонымен қатар Египет футбол федерациясы матчқа қызмет көрсеткен төрешілер бригадасының әрекетіне байланысты ФИФА-ға ресми шағым түсірді. Федерация өкілдері VAR көмегімен күші жойылған гол, белгіленбеген пенальти және өзге де даулы шешімдер төрешілер тарапынан өрескел қателіктер мен біржақтылықтың белгісі екенін мәлімдеді.

Аргентина – Египет матчы қалай өтті?

2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалындағы Аргентина мен Египет арасындағы кездесу турнирдегі ең тартысты ойындардың бірі болды. Матч Аргентинаның 3:2 есебімен камбэк жасап жеңуімен аяқталды.

Ойынның 15-минутында бұрыштамадан кейін Яссер Ибрагим баспен дәл соққы жасап, Египетті алға шығарды. Бірінші таймда аргентиналықтар допқа көбірек иелік еткенімен, қарсыластың қорғанысын бұза алмады. 21-минутта Лионель Месси пенальтиден гол соға алған жоқ.

Екінші таймда Мостафа Зико жылдам қарсы шабуылдың нәтижесінде есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда 60-минутта VAR шешімімен мысырлықтардың тағы бір голы есепке алынбады.

Кездесудің соңғы бөлігінде Аргентина таразы басын өз пайдасына аударды. 79-минутта Кристиан Ромеро есеп айырмасын қысқартса, 83-минутта Месси таразы басын теңестірді. Ал 90+2-минутта Энцо Фернандес баспен соққан голының арқасында Аргентина жеңісті жұлып алды. Осылайша кездесу 3:2 есебімен Аргентина құрамасының пайдасына аяқталды.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алған барлық құрамалар белгілі болған еді.

Тэгтер:

Египет Месси Аргентина әлем чемпионаты 2026ж ФИФА