Абай облысында сот сирек дертке шалдыққан қыз баланы өмірлік маңызды дәрімен қамтамасыз етуге көмектесті

Бүгін, 15:51 / taulik
Фото:depositphotos.com

Абай облысында соттың араласуынан кейін сирек кездесетін генетикалық дертке шалдыққан қыз бала қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Ата-анасының шағымынан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы бір ай ішінде науқасқа «Анакинра» («Кинерет») препаратын беруге міндеттеніп, уәдесін орындады, деп хабарлайды Taulik.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып

Іс Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Кәмелетке толмаған қыздың әкесі сотқа жүгініп, облыстық денсаулық сақтау басқармасын қызын қажетті «Анакинра» («Кинерет») препаратымен қамтамасыз етуге міндеттеуді сұраған.

Сот барысында қыз баланың сирек кездесетін генетикалық ауру – ювенильді идиопатиялық артриттің жүйелі түрімен ауыратыны анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл дерт ауыр өтеді және науқасқа аталған препаратпен үздіксіз ем қабылдау қажет.

Бұған дейін ата-ана e-Otinish порталы арқылы денсаулық сақтау басқармасына, мәслихатқа және Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше мәрте жүгінген. Алайда жауапты мекемелер «Анакинра» дәрісі тегін берілетін дәрілік заттар тізіміне кірмейтінін айтып, оны беру мүмкін емес екенін хабарлаған.

Сот процесі барысында тараптар медиативтік келісімге келді. Оның аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлінген қаржы көлемі шегінде келісімге қол қойылған күннен бастап бір ай ішінде қыз баланы қажетті мөлшердегі «Анакинра» («Кинерет») препаратымен қамтамасыз етуге міндеттенді.

Кейін сот бұл келісімді бекітті. Нәтижесінде денсаулық сақтау басқармасы белгіленген мерзім ішінде өз міндеттемесін толық орындады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау жүйесі екі жыл ішінде тегін берілетін препараттарды заңсыз қайта сатудың 25 мыңнан астам жағдайын анықтаған болатын.

Тэгтер:

Қазақстан сот дәрі Абай облысы Анакинра препарат