2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында бүгін Франция мен Испания құрамалары кездеседі, деп хабарлайды taulik.kz.
Qazsport арнасындағы тікелей эфир Астана уақытымен 23:50-де басталады, ал матчтың алғашқы ысқырығы 00:00-де соғылады. Кездесу АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife Stadium стадионында өтеді.
Франция ширек финалда Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Ал Испания Бельгияны 2:1 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды.
Футбол жанкүйерлері бұл кездесуді әлем чемпионатындағы ең тартысты матчтардың бірі деп бағалап отыр. Екі құрама да жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, чемпиондыққа басты үміткерлер саналады.
Бүгінгі матчтың жеңімпазы әлем чемпионатының финалына жолдама алып, Англия мен Аргентина арасындағы екінші жартылай финалдың жеңімпазымен кездеседі.
Футболсүйер қауым тағатсыздана күтіп отырған бұл ойында қай команда финалға шығатыны белгілі болады.
Айта кетейік, Франция мен Испания құрамалары соңғы рет 2025 жылдың 5 маусымында УЕФА Ұлттар лигасының жартылай финалында кездескен. Тартысты өткен матчта Испания 5:4 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алған болатын. Бүгінгі әлем чемпионатының жартылай финалы Франция үшін сол жеңілістің есесін қайтаруға берілген мүмкіндік болса, Испания өз басымдығын тағы бір мәрте дәлелдеуге тырысады.