Алматыда Құрылтайдың заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасын қалыптастырудағы рөлі талқыланды

Бүгін, 18:37 / taulik

Бүгін Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастырумен «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» атты сараптамалық алаң өтті, деп хабарлайды Taulik.kz.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші талдау орталықтарының мамандары, ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысты.

Сараптамалық алаң жұмысын бастай отырып, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Құрылтайдың құрылуы ашықтық, кәсібилік және кең қоғамдық қатысу қағидаттарына негізделген заң шығарушы биліктің жаңа моделіне көшуді білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтайдың алғашқы сайлауы конституциялық реформаны іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналып, жаңартылған өкілді билік жүйесінің толыққанды жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшуге мүмкіндік береді. Мұнда негізгі рөлді қуатты саяси институттар, сараптамалық сүйемелдеу және азаматтардың кеңінен қатысуы атқарады.

Іс-шараның алғашқы сессиясы Құрылтайдың конституциялық трансформациясына, оның заң шығару өкілеттіктерін дамытуға, заң жобаларын әзірлеу тетіктерін жетілдіруге және заң шығару қызметін сараптамалық сүйемелдеуді күшейту мәселелеріне арналды.

Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Даниель Ваисов Құрылтайдың конституциялық трансформациясының негізгі бағыттарын таныстырып, оның жаңа өкілеттіктері мен мемлекеттік билік жүйесіндегі орнына жан-жақты тоқталды.

Вице-министрдің айтуынша, сайлау жаңартылған заңнама негізінде өтеді: Құрылтайдың барлық 145 депутаты бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер арқылы сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың рөлін күшейтіп, бәсекелестікті жекелеген кандидаттардан бағдарламаларға, идеяларға және мемлекеттік саясатты іске асыру үшін ұжымдық жауапкершілік арқалайтын саяси командаларға қарай бағыттайды.

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова Құрылтай партиялық құндылықтар мен жалпыұлттық мүдделерді тоғыстыратын тиімді алаңға айнала алатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің қазіргі даму кезеңі мемлекет, саяси партиялар, сарапшылар қауымдастығы, азаматтық қоғам және өңірлер арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды талап етеді.

Сарапшы сайлау мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігін айқындайтын конституциялық қағидатты іс жүзінде жүзеге асыратын негізгі тетік екенін атап өтті. Сондықтан азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуы жаңа өкілді органның қоғамдық легитимділігін нығайтуда шешуші мәнге ие.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев қазақстандықтардың электоралдық көңіл күйіне арналған әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін таныстырды. Сауалнама деректеріне сәйкес, азаматтардың 72,1%-ы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға дайын екенін білдірген. Бұл қоғамның алдағы сайлау науқанына жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.

Сарапшының айтуынша, мұндай жоғары көрсеткіш қоғамның заң шығарушы биліктің жаңа моделіне зор қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді және сайлауға қатысу деңгейі алдыңғы парламенттік сайлаумен салыстырғанда жоғары болады деген болжам жасауға мүмкіндік береді. Оның пікірінше, азаматтардың жоғары электоралдық белсенділігі болашақ Құрылтайдың қоғамдық легитимділігін нығайтатын маңызды факторға айналып, елдің саяси жүйесін одан әрі дамытуға қатысуға дайын екенін айғақтайды.

Пікірталас барысында сарапшылар әлеуметтанулық зерттеулердің саяси партиялардың қазіргі белсенділігі азаматтардың қоғамдық көңіл күйіне ықпал етіп отырғанын атап өтті. Мәселен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен Еуразиялық интеграция институтының сауалнамалары «Ақ жол»мен «Respublica» партияларының оңшыл электорат үшін бәсекеге түсіп жатқанын және әзірге олардың мүмкіндіктері шамалас екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, солшыл бағыттағы электораттың қолдауына үміткер ЖСДП мен ҚХПпартияларының рейтингтері де бір-біріне жақын – тиісінше 3,6% және 3,5%. Сарапшылардың пікірінше, бұл олардың әлеуметтік риторикасының едәуір ұқсастығымен және екі партия арасындағы айырмашылықтардың әзірге сайлаушылардың басым бөлігі үшін айқын болмауымен байланысты болуы мүмкін.

Парламентаризм институтының Жария құқық және мемлекеттік басқару орталығының басшысыШолпан Саймова заң шығару үдерісін ғылыми-талдамалық сүйемелдеудің маңыздылығына тоқталды.

Women in Tech Kazakhstan ұйымының жетекшісі Әсем Болатжан өз баяндамасын Құрылтайдағы гендерлік өкілдік мәселесіне арнады. Сарапшының пікірінше, заң шығарушы биліктің жаңа моделі мен партиялық жүйенің жаңаруы кәсіби кадрлық резервті қалыптастыруға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар, саяси партиялар бүгіннен бастап әйелдердің кәсіби өсуіне, партиялық қызметке, мәслихаттар, қоғамдық кеңестер мен сараптамалық алаңдардың жұмысына тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауы қажет. Оның айтуынша, заңнамалық күн тәртібі қалыптасатын деңгейлерде әйелдердің кеңінен өкілдік етуі Қазақстанның жаңа саяси жүйесінің кемелдігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің біріне айналады.

Екінші сессияда қатысушылар парламенттердің қоғаммен өзара іс-қимылының халықаралық тәжірибесін, қоғамдық қатысудың құқықтық тетіктерін, цифрлық сервистерді дамыту және мемлекет пен азаматтар арасындағы тұрақты диалогтың жаңа форматтарын талқылады. Сессияны Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмребаев жүргізді.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен парламенттердің қоғаммен өзара іс-қимылының халықаралық тәжірибесіне шолу жасады. Ол Швейцария, Финляндия, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея мысалында заң шығарушы институттарға деген сенімнің азаматтардың мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысу мүмкіндіктерімен тікелей байланысты екенін көрсетті.

Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев Құрылтай сайлауына арналған партиялық тізімдердің қалыптастырылуына қатысты зерттеу нәтижелерін таныстырды. Ол кандидаттарды бағалауда олардың медиадағы танымалдылығымен қатар кәсіби құзыреттілігі мен өңірлік өкілдігіне де ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

Сарапшының айтуынша, партияларға сайлау науқанына дайындалу үшін бес айға жуық уақыт берілді. Осы кезеңде олар бағдарламаларын жаңартып, кандидаттарды ішкі іріктеуден өткізіп, жаңа саяси жүйенің талаптарына сәйкес партиялық командаларын қалыптастырды. Оның пікірінше, қазіргі сайлау науқаны саяси бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетіп, Қазақстандағы партиялық жүйенің одан әрі дамып келе жатқанын айғақтайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алуа Ибраева Құрылтай қызметіне қоғамдық қатысудың құқықтық тетіктерін институционалдық тұрғыдан бекітудің маңыздылығын атап өтті.

Сарапшының айтуынша, заманауи Құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалог алаңына айналуы тиіс. Мұнда азаматтар өз ұсыныстарын айтып қана қоймай, олардың шешім қабылдау барысында қалай ескерілетінін де көре алуы қажет. Оның пікірінше, қоғамдық қатысу мүмкіндіктері неғұрлым кең болса, азаматтардың өкілді институттарға және қабылданатын заңдардың сапасына деген сенімі соғұрлым жоғары болады.

Алматы қаласының Азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіқалықов тұрақты қоғамдық диалогты халықпен жүйелі консультацияларсыз, үкіметтік емес ұйымдарды, жастарды, ғылыми қауымдастықты және өңірлерді кеңінен тартусыз дамыту мүмкін еместігін айтты.

Ол заңнамалық бастамаларды ашық талқылау, қоғаммен тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету және азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тарту қоғамдық сенімді нығайтудың әрі демократиялық институттарды одан әрі дамытудың маңызды шарттары екенін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Айгерім Жүнісова цифрлық Құрылтай тұжырымдамасы мен e-Parlament моделін енгізу жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Ол заң жобаларын сүйемелдеудің бірыңғай цифрлық жүйесін құруды, заң шығару үдерісінің барлық кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етуді, азаматтардың цифрлық қатысу тетіктерін дамытуды және заңнамалық бастамалар мен қоғамдық ұсыныстарды талдауда жасанды интеллект технологияларын қолдануды ұсынды.

Сараптамалық алаң жұмысын қорытындылай келе, қатысушылар Құрылтайдың қалыптасуы конституциялық реформаны іс жүзінде жүзеге асырудың басталғанын білдіріп, Қазақстандағы өкілді билікті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, алдағы сайлау елдегі дәйекті саяси жаңғырудың маңызды қадамына айналып, «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» моделін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Сарапшылар партиялық бағдарламалар арасындағы бәсекеге, заң шығару үдерісінің ашықтығына, азаматтардың кеңінен қатысуына, кәсіби сараптамалық сүйемелдеуге және заманауи цифрлық технологияларға негізделген жаңа жүйе мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуының маңызы ерекше екені айтылды. Өйткені жоғары сайлау белсенділігі жаңа өкілді органның қоғамдық легитимділігін қамтамасыз етіп, қоғамның елдің одан әрі дамуына қатысуға дайын екенін көрсетеді.

Тэгтер:

#Құрылтай