Қазақстан Қытаймен экономикалық әріптестігін жаңа деңгейге көтеріп келеді

Бүгін, 12:39 / taulik
сурет ЖИ арқылы жасалған

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің 15 шілдеде Шанхайда өткен кездесуі екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға бағытталды, деп хабарлайды Taulik.kz.

Мақалада келтірілген деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 48 миллиард долларды құрады. Екі тарап бұл көлемді 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр.

2025 жылдың ортасына қарай Қазақстан экономикасына салынған Қытайдың тікелей инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 11,4 миллиард долларға жеткен. Бұл - Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар аталған сома Қытайдың өңірге салған барлық капиталының үштен біріне жуықтайды.

Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалында маңызды орын алады. Екі бағыт арасындағы жүк ағынының 85 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалы 35,6 миллион тоннаға жетіп, бір жылда 11 пайызға өскен. Соңғы жеті жылда Қазақстан көлік және транзит инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам қаражат бағыттады.

Осы саладағы негізгі жобалардың қатарында Ақтаудағы контейнерлік хаб, Сиань қаласындағы құрғақ порт және Достық - Мойынты теміржол учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы бар.

Өнеркәсіптік ынтымақтастық аясында жалпы құны 8,7 миллиард доллар болатын 62 бірлескен жоба аяқталып, шамамен 11 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұдан бөлек, құны 13,5 миллиард доллар болатын тағы 55 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал жалпы құны 60 миллиард доллардан асатын 220-дан астам бастама алдағы кезеңге жоспарланған жобалар қатарына енгізілген.

Сауда-саттықтың кеңеюі, көлік инфрақұрылымының дамуы және өндірістік байланыстың күшеюі Қазақстанның Қытай үшін маңызды экономикалық серіктес әрі Еуразиядағы негізгі транзиттік бағыттардың бірі ретіндегі орнын бекемдей түсуде.

Тэгтер:

#Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев #Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин # Қазақстан мен Қытай