Елімізде шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізілген қорғаныс іс-шаралары толық аяқталды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілген жоқ, деп хабарлайды Taulik.kz, KZgovernmentTelegram-арнасына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда фитосанитариялық қызмет кезең-кезеңімен жаңғыртылып, мониторингтің заманауи технологиялары енгізілді. Соның арқасында химиялық өңдеу жүргізілген алқап көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарып, 42 пайызға азайды.
Ведомствоның айтуынша, бұл зиянкестердің таралу ошақтарын ерте анықтап, дер кезінде оқшаулауға мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде химиялық өңдеу жұмыстары нақты қажетті аумақтарға бағытталып, шығын көлемі де төмендеген.
Биыл химиялық өңдеу жұмыстары агротехникалық талаптарға сәйкес 1,8 млн гектар алқапта жүргізілді. Барлық іс-шаралар фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау жөніндегі Үкімет тапсырмалары аясында жүзеге асырылған.
Саладағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуден бастап, химиялық өңдеу жұмыстарына дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай сатып алу жүйесінің енгізілуі. Бұл қорғаныс шараларының сапасын арттырып, олардың уақытылы орындалуын қамтамасыз еткен.
Экономикалық тұрғыдан да оң нәтиже байқалды. 2026 жылы бюджет шығыстары 2024 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге немесе 25 пайызға қысқарған.
Министрлік фитосанитариялық жағдайды бақылау үшін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесін іске қосты. Жүйе нақты уақыт режимінде зиянкестердің таралуын бақылауға, зерттеу нәтижелерін цифрлық форматта тіркеуге және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар материалдық-техникалық база күшейтіліп, мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарына арналған 103 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Ал бүрку техникасының саны 427-ден 556 бірлікке дейін артқан.
Қазіргі уақытта шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты. Министрлік мәліметінше, шегіртке зиянкестерінің көшу фактілері тіркелмеген. Барлық қажетті техника шекаралық аймақтарға шоғырландырылып, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайын.
Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.