Әлемде мұнай бағасы рекордтық көрсеткішпен өсіп жатыр

Бүгін, 10:16 / taulik
Фото: taulik.kz

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт көтерілді. Сауда деректеріне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың қыркүйек айына арналған фьючерстері Лондондағы ICE биржасында 5,78 пайызға қымбаттап, барреліне 96,27 долларға жетті.

АҚШ-та өндірілетін WTI маркалы мұнайдың бағасы да өсті. Оның фьючерстері 4,88 пайызға көтеріліп, барреліне 88,46 доллар болды.

Сарапшылар бағаның өсуін мұнай жеткізу бағыттарына төнген бірден екі қауіппен байланыстырып отыр. Біріншісі — АҚШ пен Иран арасындағы текетірес салдарынан Ормуз бұғазы маңындағы ахуалдың күрделенуі. Бұл бұғаз әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды теңіз жолдарының бірі саналады.

Екінші қауіп Баб-эль-Мандеб бұғазында туындады. Аталған теңіз жолы Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғап, Азия мен Еуропа арасындағы мұнай және басқа да тауарлар тасымалында стратегиялық рөл атқарады.

Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясына теңіз блокадасын енгізетінін мәлімдеп, саудиялық мұнай танкерлеріне шабуыл жасағанын хабарлады. Осыдан кейін Еуропалық одақтың әскери-теңіз күштері АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясымен байланысы бар кемелерге Қызыл теңіз бен Аден шығанағы арқылы жүруден уақытша бас тартуға кеңес берді.

Нарық сарапшылары бұл жағдай ұзаққа созылса, мұнай тасымалының қиындап, сақтандыру мен логистика шығындарының артуы мүмкін екенін айтады. Мұндай тәуекелдер әлемдік нарықтағы мұнай бағасын одан әрі көтеруі ықтимал.

Тэгтер:

мұнай рекорд өсім мұнай бағасы бензин әлдемде