Германияда 17 жыл бойы еңбекке жарамсыздық парағында болып, осы уақыт ішінде толық жалақы алған колледж оқытушысының ісі елде үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Осы оқиғадан кейін Солтүстік Рейн - Вестфалия жерінің парламенті мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заңнаманы қатаңдататын жаңа заң жобасын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Taulik.kz, Ult.kz-ке сілтеме қалдыра отырып.
Жаңа құжат қабылданса, мемлекеттік қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруге жедел жіберуге және тексеруден жалтарғандарға төленетін жалақы мен әлеуметтік төлемдерді тоқтатуға мүмкіндік беріледі.
17 жыл сабақ өткізбеген
Der Spiegel басылымының мәліметінше, Весель қаласындағы колледж оқытушысы 2009 жылдың тамыз айынан бері бірде-бір сабақ өткізбеген. Соған қарамастан, ол 17 жыл бойы еңбекке жарамсыздыққа байланысты толық көлемде жалақы алып келген.
Басылымның жазуынша, осы уақыт ішінде әйел адам өзінің денсаулық жағдайын ресми тексеруден өткізу үшін дәрігердің қабылдауына бармаған.
Алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды
Бұл жағдай 2025 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін Дюссельдорфтың аймақтық билігі тәртіптік тергеу бастаған.
Сонымен қатар Дуйсбург прокуратурасы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел адам еңбекке жарамсыздық парағында жүргеніне қарамастан, 2012 жылдан бері гомеопат ретінде жұмыс істеген болуы мүмкін.
Денсаулық жағдайына байланысты зейнетке жіберу туралы шешімге қарсы шықты
Биыл мамыр айында оқытушы медициналық тексеруден, оның ішінде психиатриялық сараптамадан өткен.
Тексеру қорытындысы негізінде Дюссельдорфтың аймақтық әкімшілігі оны денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын зейнетке шығару туралы шешім қабылдаған.
Алайда әйел бұл шешіммен келіспей, сотқа шағым түсірген. Сондықтан іс бойынша сот процесі тағы бірнеше аптаға немесе бірнеше айға созылуы мүмкін.
Заңнаманы күшейту ұсынылды
Солтүстік Рейн - Вестфалия ландтагында қаралып жатқан заң жобасы дәл осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеуді көздейді.
«Жасылдар» партиясының депутаты Симон Роктың айтуынша, жаңа тәртіп мемлекеттік қызмет жүйесіне деген сенімді күшейтіп, жекелеген заң бұзушылықтардың адал еңбек етіп жүрген мыңдаған мемлекеттік қызметкердің беделіне нұқсан келтіруіне жол бермеуі тиіс.
Егер заң қабылданса, мемлекеттік қызметкерлер медициналық тексеруден жалтарған жағдайда билік олардың жалақысы мен басқа да төлемдерін уақытша тоқтата алатын болады. Бұл Германиядағы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістердің бірі болуы мүмкін.