Бүгін сағат 18:00-ден кейін сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталады және 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады, деп хабарлайды Taulik.kz.
Ағымдағы сайлау науқанында сайлау алдындағы үгітке қатысты заңнамалық жаңашылдықтар туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндады.
Ол жаңашылдықтардың бірі ретінде дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фото және бейнежазбаға түсіруге, сондай-ақ оны таратуға тыйым салынғанын атап өтті. Сонымен қатар, ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым салынатынын айтты.
«Дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фотожазбажәне бейнежазбаға түсіруге, сондай-ақ оны таратуға тыйым салынады. Бұл норма саяси партияларды жария түрде қолдауды көрсетуге жол бермеуге бағытталған және еркін әрі жасырын дауыс беруді, сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең жағдайларды, сондай-ақ сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру туралы талап өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, үгіт материалдарына қойылатын қосымша талаптар енгізілді. Атап айтқанда, бұрыннан қолданыста болған Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға және жасырын үгіт материалдарын таратуға тыйым салумен қатар, енді ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым салынды», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Комиссия мүшесі сондай-ақ сайлау науқанын бұқаралық ақпарат құралдарында объективті түрде жария етудің маңыздылығын атап өтті. Ол кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдарын жариялаудан бас тартуға, сондай-ақ оларға теріске шығару хабарлары мен материалдарын дәл сондай көлемде тегін жариялау мүмкіндігін қамтамасыз етуге шақырды.
«Сайлау науқанына дайындық шеңберінде Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 3 шілдеде саяси партиялардың өкілдері үшін, ал 22 шілдеде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша семинарлар ұйымдастырылды. Сөзімді қорытындылай келе, сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген сайлауалдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынатынын тағы да еске салғым келеді. Сондай-ақ дауыс беру күнінің алдындағы бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелеріне қатысты болжамдарды, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдауға арналған дауыс беру нәтижелерін жариялауға жол берілмейді», - деп еске салды Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.