Соғыс өрті бір тұтанса, оның жалыны шекара таңдамайды. Бір елдегі қақтығыс азық-түлік бағасынан бастап көші-қонға, сауда мен қауіпсіздікке дейін тұтас әлемге әсер етеді. Осындай алмағайып кезеңде бейбітшілік туралы сөз ұран күйінде қалмай, нақты қадаммен бекітілуі керек. Қазақстанның халықаралық бастамалары осы ұстанымға сүйенеді: қарудан бас тарту, келіссөзге жол ашу және бітімгерлікке тікелей қатысу.
Семейден басталған үндеу
Қазақстанның жаһандық бейбітшілік жолындағы ең салмақты қадамдарының бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанның бастамасымен 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болып шегеленген еді. Бұл дата кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәлірек айтсақ, 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды.
Қазақ даласы атом сынағының ащы зардабын өз тәнімен сезінді. Сондықтан ядролық қарусыздану туралы үндеу біз үшін алыстан айтылған ақыл емес, жараның орнынан шыққан сөз. Бүгінде бұл ұстаным Қазақстанның сыртқы саясатындағы моральдық арқауға айналды. Бейбітшілік кейде мінбердегі мәлімдемеден емес, қолдағы қарудан өз еркіңмен бас тартудан басталатынын еліміз көрсетті.
Қазақстандық бітімгерлердің халықаралық миссиясы
Бітімгерлік саясат тек дипломатиялық сөзбен шектелмейді. 2024 жылы Қазақстан алғаш рет БҰҰ миссиясына дербес ұлттық контингент жіберді. БҰҰ дерегіне сәйкес, 139 әскери қызметші Голан жоталарындағы UNDOF миссиясына аттанды.
Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің 2026 жылғы мәліметі бойынша, 2014 жылдан бері БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына 800-ге жуық қазақстандық әскери қызметші қатысқан, қазір 156 бітімгер жеті миссияда қызмет атқарып жүр.
Бұл – шағын көрінгенімен, салмағы зіл батпан міндет. Бітімгердің қаруы – тек автомат емес, сабыр, тәртіп және екі жақтың ортасында сенім қалыптастыра білу. Қазақта «елдестірмек – елшіден» дейді. Бүгінде осы тәмсілдің заманауи бейнесін көк дулыға киген сарбаздардан көруге болады.
Бітімгерлік – бейбіт болашаққа бастайтын жол
Қазақстанның тағы бір бағыты – бір-біріне қабақ шытып отырған тараптарға ортақ үстел ұсыну. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес – соның бір мысалы. 2026 жылы оның хатшылығы құрылғанына 20 жыл толды, ал платформа Азиядағы қауіпсіздік мәселелерін сенім шаралары арқылы талқылауды жалғастырып келеді.
Әлемге бүгін жаңа қабырға емес, жаңа көпір керек. Қазақстанның бітімгершілік тәжірибесінің мәні де осында: бейбітшілік бір күнде орнайтын тыныштық емес, күн сайын қаланатын сенім. Дала даналығы дауды ушықтырмай, мәмілеге келуді құп көрген. Жаһандық саясатта да сол қағида ескірген жоқ: мықтылық кейде қарсыласты жеңуде емес, оны келіссөз үстеліне отырғыза білуде.