ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығы протездік-ортопедиялық бұйымдар өндірісіне заманауи технологияларды енгізуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Орталық 155 бұйым дайындады. Биыл мемлекеттік тапсырма аясында шамамен 250 жоғары технологиялық бұйым дайындау жоспарланған.
Қазіргі уақытта Орталықта протездік-ортопедиялық бұйымдардың 30 түрі дайындалады. 2026 жылы гипстік қалыптардың орнына аяқ-қол тұқылдарын 3D-сканерлеу, протездер мен ортездерді компьютерлік модельдеу, микропроцессорлық модульдерді, гидравликалық тізе механизмдерін және заманауи карбон компоненттерін қолдану сияқты алты жаңа технология енгізілді.
Цифрлық шешімдер адамның анатомиялық ерекшеліктерін барынша дәл ескеруге және болашақ бұйымның жеке моделін жасауға мүмкіндік береді. 3D-сканерлеуді қолдану дәстүрлі гипстік қалып алумен салыстырғанда дайындық кезеңін жылдам әрі қолайлы өткізуге көмектеседі.
Микропроцессорлық және гидравликалық тізе модульдері қозғалыс кезінде орнықтылықты арттыруға, жүрісті бірқалыпты әрі табиғи етуге, сондай-ақ жүктемені қауіпсіз бөлуге арналған. Заманауи материалдар мен модульдік жүйелер адамның дене жағдайын, белсенділік деңгейін және күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып, тиісті функционалдық компоненттерді таңдауға мүмкіндік береді.
2026 жылғы наурызда Орталық базасында мамандар S-Leg 4 микропроцессорлық тізе модулінің мүмкіндіктерін зерделеді. Сонымен қатар жұмыста роботтандырылған тізе модульдері, заманауи протездік табандар, бейімделетін амортизациялық жүйелер және жоғарғы аяқ-қолға арналған бионикалық протездер қолданылады.
Жоғары технологиялық компоненттің болуы өздігінен нәтижеге кепілдік бермейді. Протезді немесе ортезді дұрыс таңдап, дайындап және жеке баптау қажет. Бұл жұмысқа дәрігерлер, инженерлер, протезші-техниктер және оңалту мамандары қатысады. Олар қажеттілікті бағалау, бұйымды дайындау мен баптау және оны қауіпсіз пайдалануды үйрету кезеңдерінде адамға қолдау көрсетеді.
Протез жоқ аяқ-қолды немесе оның бір бөлігін алмастыруға, ал ортез бар аяқ-қолдың қызметін қолдауға, тұрақтандыруға немесе түзетуге арналған. Екі жағдайда да жеке тәсіл адамның өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін қалпына келтіруге, дербестігін арттыруға және күнделікті өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Жеке ортездер өндірісін дамыту жұмыстың жеке бағытына айналады. ҰҒО базасында жеке ортездерді модельдеу және өндіру жөніндегі мемлекеттік зертхана құрылуда. Оны 2026 жылғы 1 қазанда іске қосу жоспарланған.
Зертхана цифрлық технологияларды қолдана отырып, жеке ортездерді дайындаудың толық циклін қамтамасыз етеді. 2026 жылдың соңына дейін 500 ортез, 2027 жылы 1 мың, 2028 жылы 1,5 мың ортез дайындау жоспарланып отыр. Осылайша үш жыл ішінде 3 мыңға жуық азаматты заманауи жеке ортездермен қамтамасыз ету көзделген.
Протездік-ортопедиялық көмекті одан әрі дамыту үшін Орталық бұйымдардың жаңа түрлерін енгізуді, қажетті нормативтік және техникалық құжаттаманы әзірлеуді, өнім сапасын арттыруды, сондай-ақ заманауи материалдар мен жинақтауыштарды қолдану аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді: бейінді семинарлар мен шеберлік сабақтары өткізіледі, қызметкерлер ғылыми-практикалық іс-шараларға қатысып, халықаралық тәжірибені зерделейді. 2026 жылғы тамызда мүгедектігі бар адамдарға арналған қосалқы құралдар мен технологиялар жөніндегі Қытай орталығының өкілдерімен кездесу барысында тараптар тәжірибе және технология алмасу, кадрлар даярлау, сондай-ақ Қазақстанда заманауи оңалту шешімдерін сынақтан өткізу перспективаларын талқылады.
Протездеу және ортездеу саласындағы заманауи технологияларды дамыту бұйымдардың жоғалған немесе бұзылған функцияларды өтеп қана қоймай, адамның сенімді қозғалуына, білім алуына, еңбек етуіне, күнделікті міндеттерін орындауына және дербестігін сақтап қалуына көмектесуіне бағытталған.