Бүгін Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюросында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты баяндаманың екінші бөлігінің таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Алматы қаласында өткен жиында Бақытжан Төреғожина мен Шалипа Бекқұлова спикерлер ретінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Taulik.kz.
Баспасөз жиынына жиналған журналистер Қаңтар оқиғасымен ғана шектелген жоқ, тілшілер осындай жобалардың артында тұрған ұйымның қызметіне де қатысты сұрақтар қойды.
БАҚ өкілдерінің бірі Бақытжан Төреғожинаға шетелдік гранттық жобаларға адамдардың қандай жолмен іріктелетіні және олардың еңбегіне ақы төлене ме деген нақты сұрақ қойды.
Алайда Б.Төреғожина тура жауап берудің орнына ұйымның штаттағы қызметкерлері мен еріктілері туралы айтып берді. Оның сөзінше, Қаңтар оқиғасы кезінде ол бейнематериалдар мен жарияланымдарды жинауға 50-ден астам адамды тарта алған, ал мұндай жұмысты қалайтындарды табу үшін оған әлеуметтік желіде жазба жариялаудың өзі жеткілікті болған.
Журналистің сұрағы нақты гранттық жобаларға, адамдарды тарту тетігіне және олардың еңбегіне қатысты еді. Бұған қарамастан Б.Төреғожина қаржыландыру көздерін, жобаға тарту шарттарын және еңбекақы төлеу тәртібін ашып айтудан бас тартты.