АИТВ туралы қорқынышты сейілтетін маңызды деректер

Бүгін, 13:56 / taulik
Фото: taulik.kz

АИТВ диагнозы бұрынғыдай адам өміріне үкім ретінде қарастырылмауы керек. Заманауи емнің арқасында вирус ағзада бақылауда ұсталып, АИТВ-мен өмір сүретін адам толыққанды өмір сүре алады. Алайда қоғамда инфекцияның жұғу жолдары мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты қате түсініктер әлі де бар. Бұл туралы Астана қаласының АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында өткен журналистерге арналған ақпараттық-практикалық семинарда айтылды, деп хабарлайды Taulik.kz тілшісі. 

Семинарды АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты -журналистерге АИТВ туралы ақпаратты дұрыс жеткізу, қоғамдағы стигма мен кемсітушілікті азайту және инфекцияның алдын алу мен ерте анықтаудың маңызын түсіндіру. 

 АИТВ деген не? 

АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы. Ол иммундық жүйеге әсер ететін созылмалы инфекциялық ауру. Алайда дер кезінде анықталып, антиретровирустық терапия тұрақты қабылданса, инфекцияны бақылауда ұстауға болады. 

Айжан Жайлаубаева семинар барысында АИТВ диагнозын адамның қалыпты өмір сүруіне кедергі болатын жағдай ретінде қабылдамау керегін түсіндірді. Қазіргі медицина АИТВ-мен өмір сүретін адамның денсаулығын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – өз мәртебесін білу, дәрігердің бақылауында болу және емді үзбеу. 

Мамандар ерекше назар аударған қағидалардың бірі – “анықталмайтын = жұқпайтын” ұғымы. Яғни антиретровирустық терапияны тиімді қабылдап, қанындағы вирус мөлшері анықталмайтын деңгейге түскен адам АИТВ-ны жыныстық жолмен басқа адамға жұқтырмайды. 

АИТВ қалай жұғады? 

Инфекцияның негізгі үш жұғу жолы бар. Біріншісі – қорғалмаған жыныстық қатынас. Екіншісі - стерильді емес инъекциялық құралдарды пайдалану арқылы парентералды жол. Үшіншісі - АИТВ-мен өмір сүретін анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезінде берілуі мүмкін вертикалды жол. 

Бұл ретте күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастан қорқудың қажеті жоқ. 

 АИТВ қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдыс пайдалану, бір үйде бірге тұру, киім, бассейн немесе жәндіктердің шағуы арқылы жұқпайды. Сондықтан АИТВ-мен өмір сүретін адамнан оқшаулану немесе онымен араласудан қорқу медициналық тұрғыдан негізсіз. 

Семинар барысында дәл осы қарапайым деректерді халыққа жиі түсіндіру қажеттігі айтылды. Себебі инфекция туралы ақпараттың аздығы кейде аурудың өзінен емес, диагнозы бар адамдарға деген қорқыныш пен кемсітушіліктің күшеюіне әкеледі. 

 Астанада сегіз айда 247 жағдай анықталған 

Семинарда елордадағы эпидемиологиялық ахуалға қатысты статистика да таныстырылды. 

2026 жылдың алғашқы сегіз айында Астанада 247 жаңа АИТВ жағдайы анықталған. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 248 жағдай болған. 

Жаңа анықталған 247 адамның 154-і немесе 62,3 пайызы - ер адамдар, ал 93-і немесе 37,7 пайызы – әйелдер. 

Жұғу жолдары бойынша басым бөлігі жыныстық қатынасқа байланысты. Атап айтқанда, 192 жағдай немесе 77,7 пайызы гетеросексуалды жыныстық жолмен, 33 жағдай немесе 13,3 пайызы ерлер арасындағы жыныстық жолмен тіркелген. Тағы 11 жағдай, яғни 4,5 пайызы парентералды жолға тиесілі. Қалған 11 жағдайда жұғу жолы анықталмаған. 

Маңызды көрсеткіштердің бірі - 2026 жылдың сегіз айында 14 жасқа дейінгі балалар арасында жаңа жағдай тіркелмеген. 

АИТВ-мен өмір сүретіндердің 87 пайызы мәртебесін біледі 

Орталық ұсынған мәлімет бойынша, Астанада бағалау деректерімен АИТВ-мен өмір сүретін шамамен 3,8 мың адам бар. Соның 3311-і өз АИТВ мәртебесін біледі. Бұл – 87 пайыз. 

Ал 3156 адам елордада динамикалық бақылауда тұр. 

Айжан Жайлаубаева өз мәртебесін білудің инфекциямен күрестегі негізгі қадамдардың бірі екенін түсіндірді. Адам өзінің АИТВ мәртебесін неғұрлым ерте анықтаса, соғұрлым ерте ем басталып, денсаулығын сақтауға және вирустың әрі қарай таралуының алдын алуға мүмкіндік көбейеді. Сондықтан мамандар тестілеуден қорықпауға шақырады. 

Бір диагноз адамды сипаттамайды 

Семинардың жеке бөлігі журналистердің АИТВ туралы қалай жазуы керегіне арналды. Мамандардың айтуынша, БАҚ-та қолданылатын бір сөздің өзі қоғамдағы көзқарасқа әсер етуі мүмкін. 

Мысалы, “АИТВ жұқтырған”, “АИТВ-мен ауыратын адам” деген сипаттамалардың орнына “АИТВ-мен өмір сүретін адам” деген тіркесті қолданған дұрыс. Сондай-ақ адамды оның диагнозымен, өмір салтымен немесе әлеуметтік мәртебесімен байланыстырып сипаттаудан аулақ болған жөн. 

“Нашақор” дегеннің орнына “есірткі қолданатын адам”, ал “анадан балаға жұқты” дегеннің орнына “АИТВ-ның вертикалды берілуі” деген медициналық тұрғыдан бейтарап терминдерді қолдану ұсынылады. 

Себебі АИТВ – адамның мінезін, әлеуметтік жағдайын немесе қоғамдағы орнын анықтайтын белгі емес. 

АИТВ әлі де назар аударуды, алдын алуды және тұрақты емді қажет ететін инфекция. Бірақ бүгінгі медицина жағдайында диагноз адамның қалыпты өмірден бас тартуы керек дегенді білдірмейді. Ақпаратты дұрыс білу, уақытылы тестілеу және ем қабылдау вирусты бақылауға мүмкіндік береді. 

Ал қоғам үшін ең маңызды қадамдардың бірі – АИТВ-дан емес, АИТВ туралы білмеуден арылу. 

Тэгтер:

АИТВ ВИЧ маңызды деректер