Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде Абай облысындағы Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды taulik.kz.
Президент салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, жаңа өндіріс орны ел экономикасының дамуына тың серпін беретін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев тау-кен металлургиясы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі екенін айтып, жаңа зауыт құрылысы осы бағытта қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесі екенін жеткізді.
– Тау-кен металлургиясы мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екені белгілі. Мен былтыр халыққа Жолдауымда осы мәселеге арнайы тоқталдым, нақты міндеттерді айқындадым. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады. Баршаңызға мәлім, бүгінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басты. Біз біртұтас әрі жасампаз жұрт болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Ең бастысы, жарқын болашағымызға бағдар болатын Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда ұлтымыздың мызғымас құндылықтары мен қағидаттары толық көрініс тапты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осындай өндірістік жобалар, ең алдымен, еліміздің игілігін арттыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде өнеркәсіп саласындағы ауқымды жобалардың елдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін атап көрсетті.
Ақтоғай кен орнында салынатын жаңа мыс балқыту зауыты Қазақстанның тау-кен металлургиясы саласын дамытуға бағытталған маңызды өндірістік бастамалардың бірі болмақ.