2026 жылғы 20 қазанда Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы өтті.
Отырыста 2026 жылғы маусымдағы Премьер-лиганың 23-туры аясында өткен «Ақтөбе» ФК – «Ордабасы» ФК матчының қорытындысы бойынша төмендегі шешімдер қабылданды:
Ойынды ұйымдастыру талаптары мен қауіпсіздік қағидаларын және Чемпионат регламентін бұзғаны, атап айтқанда матчтың ресми тұлғаларының қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені, соның ішінде «Ақтөбе» ФК директоры Б. Дүзелбаевтың төрешілер бөлмесіне рұқсатсыз кіргені үшін, Тәртіптік регламенттің 63-бабының 1-тармағына сәйкес, «Ақтөбе» ФК-ға 300 АЕК көлемінде айыппұл салынсын. Айыппұл 2026 жылғы 20 қарашаға дейін (қоса алғанда) төленуі тиіс.
Команда жанкүйерлерінің әдепсіз қылығы, яғни матчтың ресми өкілдеріне балағат сөздер айтып, қарсылас командаға тіл тигізгені үшін, Тәртіптік регламенттің 64-бабының 1-тармағына сәйкес, «Ақтөбе» ФК-ға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынсын. Айыппұл 2026 жылғы 20 қарашаға дейін (қоса алғанда) төленуі тиіс.
Абырой мен беделге нұқсан келтіретін мәлімдеме жасағаны үшін, ҚФФ Әдеп кодексінің 6-тарауының 23-тармағы мен 15-тарауының 48-тармағына сәйкес, «Ақтөбе» ФК бас бапкері И. Г. Черевченкоға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынсын. Айыппұл 2026 жылғы 20 қарашаға дейін (қоса алғанда) төленуі тиіс.
Команданың киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығып, ойынның басталуын 3 минутқа кешіктіргені үшін, Тәртіптік регламенттің 63-бабының 1-тармағына сәйкес, «Ордабасы» ФК-ға 60 АЕК көлемінде айыппұл салынсын. Айыппұл 2026 жылғы 20 қарашаға дейін (қоса алғанда) төленуі тиіс.
ҚФФ қауіпсіздік талаптарын, жарыс регламентін және кәсіби әдеп нормаларын бұлжытпай орындау – футбол матчтарын өткізудің басты талабы екенін ескертеді. Клубтар ойындарды талапқа сай өткізуге, өз өкілдері мен жанкүйерлерінің тәртібіне, сондай-ақ жарысқа қатысушылардың барлығының ортақ ережелерді сақтауына тікелей жауапты.
Федерация стадиондарда толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, футбол қауымдастығы арасында өзара құрметті нығайту және кездесулерді белгіленген стандарттарға сай өткізу жолындағы жүйелі ұстанымын жалғастыра береді.